Алғыс айту күнінің мағынасын тарылтып алдық. Мәдениеттанушы Асылбек Байтанұлы еліміздегі атаулы күннің мәні өзгеріп кеткенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
- Алғыс айту күні қалай пайда болды?
- Біз өзімізді 30 жылдан аса уақыт көпұлтты мемлекетпіз деп айтып келеміз. Бір кездері сол 130-дан астам ұлттың бірлігін сақтау мәселесі күн тәртібінде тұрды, тіпті әлі де өзектілігін жоғалтпай келеді. Бүгінгі таңда қазақтардың үлесі 70 пайыздан асты, алайда кейбір өңірлер мен қалаларда, мәселен Қызылжарда 30 пайыздан сәл ғана асады. Сондықтан да ұлтаралық келісім мен татулықтың маңызы біздің елімізде зор болып қала бермек.
Жалпы, Алғыс айту күні – Қазақстан жерінде тұрып жатқан диаспоралар қазақ халқына алғыс айту керек деген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Бұл атаулы күннің басты мағынасы осындай. Қазақстан жеріне 1938 жылдан бастап жер аударылып кәрістер келе бастады, кейін екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында саяси сенімсіз деп танылған кавказ халықтары: қарашайлар, балқарлар, шешендер мен ингуштар, сондай-ақ гректер, поляктар, немістер, түрік месхетиндер тағы басқа көптеген ұлт жер аударылды. Қазақ халқы тосыннан бөтен жерге келген халықты жатырқамай күтіп алып, қолдан келген көмегін берді. Міне, атаулы күннің мағынасын ашсақ, түбінде осындай тарихи мәні бар. Бірақ Алғыс айту күні деп бір күнді белгілеу қаншалықты дұрыс? Меніңше, бұл ойлану керек сияқты... Өз басым Алғыс айту күніне сыни көзқараспен қараймын.
- Мұндай ойға қалай келдіңіз?
- Мысалы, қазіргі таңда Қазақстаннан көп жыл бұрын көшіп кеткен неміс ұлтының өкілдері әлеуметтік желілер арқылы елімізге күнде алғыс жаудырып жатады. Мұндай халықтар алғысты бір жылдың әр күнінде айта алады. Ал, жеке өз басыма келер болсақ, бұл күні мен басқа ұлт өкілдерінен алғыс күтпеймін. Меніңше, мұнда әр адамның кісілігі, ұлттың тектілігі білінеді. Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың қазақтарға науқанды түрде алғыс айтуын қолдай бермеймін. Әрине, ұлтаралық бірлік әр кез маңызды, алайда бір күні "маған алғыс білдірсін" ешкімнен күтудің керегі жоқ деп ойлаймын. Алғыс айту күнін әр өңір өзінше қабылдауға тиіс.
- Алғыс айту күнінде қазақ халқына алғыс білдірудің зияны бар деп ойлайсыз ба?
- Біздің халқымыз бұл күннің мағынасы кеңейтіп жіберді ме, әлде тарылтып жіберді ме, білмеймін. Негізі алғысты кезінде қиыншылық көріп ес жиған басқа ұлттар осы жердің автохтонды иесі қазаққа айтуға тиіс делінген еді, алайда бүгінде баланың әкесіне, ағайын-туғандар, әріптестердің бір-біріне алғыс айтатын күні болып, басқа орбитаға шығып кетті. Яғни жалпы, бүкіл адам бір-біріне алғыс айтатын формаға көшіріп алдық. Ата-бабамыз "қарғыс алма, алғыс ал" дейді, әрине алғыс алудың артықтығы жоқ, дегенмен бұл айтулы күннің саяси-әлеуметтік сипаты мидай араласып кеткендей. Бұл күннің болашақта қалай болатынын өмір өзі көрсетеді. Бұдан, әрине ешқандай зиян жоқ. Мына әлемдегі тыныштық пен татулықтың өзі адамгершілікке, адамдардың бір-біріне деген түсіністігіне, жылы қарым-қатынасына, алғаусыз ақпарат алмасуына негізделіп тұрған жоқ па? Қазақтың тілдік қорындағы ризашылық, тілектестік, лебіз білдіру, ізгі тілек арнау, бата беру, т.б. сөздер алғыс айтудың айналасынан табылатын ұғымдар. Алғыс айту күні – арнайы той-мерекелі күн емес, жай ғана атаулы күн болғандықтан артықтығы жоқ деп білемін. Жалпы 21 қыркүйек – Дүниежүзілік алғыс айту күні екенін де біле жүргеніміз дұрыс. Бұл күні жер шарында мекендеген барша адамзат баласы бір-біріне алғыс білдіріп, шүкіршілік айтады ғой.
Ешкімнен көмек пен алғыс күтудің қажеті жоқ. Егер басқа ұлттар бізге алғыс айтып жатса неге олай айтып жатсың деп сөкпейміз, бірақ мұны міндетті түрде сенің ата-бабаң солай келіп еді ғой біздің бабамыз пана берді дегендей, бір кездері ата-әжелеріміздің риясыз жақсылығын бұлдағандай, бүгінгі ұрпаққа күшпен алғыс алудың керегі жоқ. Алғыс айтатын адам, осы бір күнсіз-ақ айта береді.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Жасұлан Ордабаев
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!