Алғыс айту күні басқа елдерде қалай тойланады?

2016 жылдан бері елімізде 1 наурыз күні "Алғыс айту" күні тойланады. Бізде бұл күнді өзге ел ұлттарының қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өтілу ұсынылған болатын. Десе де, жақындарыңызға, айналаңыздағы адамдарға алғыс айтудың артықшылығы жоқ. Себебі мерекені сезіну және сезіндіру өз қолымызда. Бұл атаулы күн басқа әлем елдерінде бұрыннан бар. Тек олардың тарихы мен тойланатын күні өзгеше. Massaget.kz алғыс айту күні басқа елдерде қалай тойланатынын ұсынады.

АҚШ

Америкада алғыс айту күнін қараша айының төртінші бейсенбісінде өте жоғары дәрежеде атап өтеді. Ол 1863 жылдан бері ұлттық мейрам болып қабылданды. Отбасы мүшелері дастархан басына жиналып, өткен-кеткен оқиғаларды еске түсіріп, бір-біріне шын жүректен алғыс білдіреді. Барлығы бірге шіркеуге барып, ғибадат етеді. АҚШ-та бұл күн күркетауықпен ерекшеленеді. Алғыс айту күні барлық қала мен ауылда фестивальдар мен парадтар болады.

Либерия

Либерия - батыс-африкалық елдердің бірі. Олардағы алғыс айту күні 1820 жылы АҚШ-тан босап шыққан қара нәсілді құлдарды отарлаудан бастау алады. 1880 жылдары Либерия үкіметі қарашаның алғашқы бейсенбі күнін ұлттық алғыс айту күні етіп белгіледі. Либериялық халық үшін алғыс айту күні еркіндікпен және тәуелсіздікпен байланысты. 

Германия

Германияда алғыс айту мейрамын "Erntedankfest" атап, қазан айының алғашқы жексенбі күні, егін алқабында тойлайды. Келесі жылы да егін осылай түсімді болсын деп ниеттеніп, тамаша табиғат (орман, көкөніс, жеміс-жидек) тарту еткен тағдырға алғыс айтады. Дастарқанға жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақыл, Германияның дәстүрлі тағамдарын, өзге де дәмді-тәттілерді қойып, атап өтеді. Осы азықтарды мейрам нышаны ретінде дастарханға қойып, көшеде фестивальдар өткізеді.

Израиль

Израиль халқы Суккот мерекесі – алғыс айту күнін 3000 жылдан бері тойлап келеді. Еврейлік күнтізбе бойынша, Суккот мерекесі 7 күн тойланады: қыркүйектің ортасынан бастап қазанның басына дейін. Шөл далада ауырмай-сырқамай, аман-сау өмір сүретініне тағдырға алғыс айтады. Көшеге шағын шатыр тігіп, жеміс-жидек, көкөністермен дастарқанды әрлеп, отбасы мүшелері кешкі ас ішеді, барлығына алғыс жаудырады.

Корея

Корея елінде алғыс айту мейрамы Чусок (Чхусок) деп аталады. Бұл елде ол ай күнтізбесі бойынша тойланады. Былтыр ол 29 қыркүйекке тап болды. Бұл мейрамның екінші атауы - Хангави - "күздің ортасы" деген мағынаны білдіреді. Бұл егін жинау, құдайға алғыс айту, бабаларды еске алу мейрамы. Бұл кезде үш күн ресми демалыс беріледі.

Жапония

23 қарашада Жапонияда еңбекке алғыс айту күні тойланады. Бұл күні барлық сала қызметкерлеріне демалыс беріледі. Бұл күн 1984 жылы белгіленді, бұрын ол "Жаңа егін мейрамы" деп аталды және ауыл-шаруашылық жұмыстардың аяқталуына негізделді.