Алгебра мен геометрия пәндері біріктіріле ме? Министр жауап берді

Алгебра мен геометрия пәндері біріктіріле ме? Министр жауап берді
Фото: tolqyn.kz

Мәжіліс кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы орта мектептерде алгебра мен геометрия пәндерін біріктіріп оқыту ұсынысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінгі күні бұл мәселе талқыланып жатыр. Қазір сарапшылар мен ғалымдар ортақ шешімге келген жоқ. Мен математик емеспін, бірақ нағыз сала мамандарының пікірін тыңдап, нәтиже шығарамыз" - деді министр.

ГЕОМЕТРИЯ  ПӘНІ ТМД-да ҒАНА ОҚЫТЫЛАДЫ

Оқу-ағарту саласының сарапшы-ғалымы Ырысбек Мәуіттің сөзінше, геометрия деген пәнді әлем бойынша ТМД елдері ғана оқытады.

www.instagram.com/rsbek.mauit

"Қазір әлем елдерінің барлығы бірінші сыныптан бастап 11-ге дейін бір математикамен оқиды. Ал бізде 7-сыныптан бастап алгебра, геометрия болып бөлініп кетеді. Бұл нәрсені тоқтату керек. Балаға салмақ салмай, тек математика деп оқыған дұрыс. Бізде жаңартылған білім беру жүйесі бойынша бірінші сыныпта математика 5 бөлімнен тұрады. Оның біріншісі - сан және цифр, екіншісі - алгебра элементтері, үшіншісі  - геометрия элементтері, төртіншісі - жиын және логика, бесіншсі - математикалық модельдеу. Сонда алгебра мен геометрия 5 бөлімнің екі тармағы ғана болады. Біз қазір сараптама, статистика жағынан қалып кетіп жатырмыз. Кезінде осы нәрсені ұсынғанда математиктер қарсы болды. Олардың қорқынышы сағаттарының қысқаруында. Қазір осы мәселені министрлік біледі, біз қайта ұсыныс тастадық", - деді белгілі ғалым, математик Ырысбек Мәуіт.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет