"Алғашқы тапсырысым 1000 доллар болды". Алматылық 20 жастағы жігіт ерлер киімін ерекше технологиямен тігеді
Алматылық Бақдәулет Парсаханов 4 жылдан бері ерлер костюмін тігумен айналысады. Оның бұл салаға келуіне бастапқыда анасы қарсы болған. Алайда таланты мен ниетін көрген соң бірден қолдау білдірген. Ерлер стиліне деген қызығушылығы оны осы саламен айналысуына әсер еткен. Massaget.kz тілшісі 20 жастағы Бақдәулет Парсахановпен ерлер костюм-шалбарын тігудегі ерекшелік, стильді киіну туралы сұхбаттасты.
"Тігінге қызықпадым"
Бақдәулет Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы 86 мектеп-гимназияны 2020 жылы бітірген. Мектеп бітіргенге дейін тігіншілікке әуестігі болмаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Негізі әжем де, нағашы әжем де тігінші болған екен. Бұл қасиет сол кісілерден дарыған болар. Бұрын тігіншілікке еш қызығушылығым болмады. Оған дейін ерлердің стильді киінуіне, сапалы костюм таңдауды зерттеп жүргенмін. Сапалы костюм қалай пайда болатынын зерттей келе тігіншілік саласына қызықтым. Жоғары оқу орынын бітірген соң бұл саланы үйренемін деп ойладым. Бірақ оқуға мүлдем тапсырмадым. Негізі ҰБТ-дан 91 балл жинағанмын. Кейбір мамандықтарға грантқа түсуге болатын еді", - деді ол.
Ол мектеп бітіре сала тігіншілік курсын іздеген. Алайда олардың ішінде іздегенін таппаған.
"Біздегі тігін курстарының кемшілігі - тек әйелдерге ғана бағыттап қояды. Яғни, белдемше, көйлек тігуді ғана үйретеді. Ерлер костюмін тігіп үйрететін жер өте аз дер едім. Уақыт өте келе, ерлер костюмін тігу басқаларға қарағанда күрделірек екенін білдім. Сөйтіп, тігін курсын іздеп жүріп, әлеуметтік желіден осы саладағы ұстазым 20 жылдық тәжірбиесі бар Әсет Аймановты таптым. Тәуекел етіп, жекесіне жазып көрдім. Ақылы түрде оқытуға келісті. Сөйтіп, ең алғаш ине ұстауды, жалпы тігіншілікті 0-ден бастап үйретті", - деді тігінші жігіт.
"Анам қарсы болды"
Оның айтуынша, жоғары оқу орнына тек диплом алу үшін түспек болған Бақдәулет тігіншілікті үйрену үшін бас тартқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Негізі диплом үшін университетте білім аламын деп ойлағанмын. Әсет аға мені ақылы түрде үйретуге келісті. Сосын ойланып қалдым. "4 жылдан кейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін ғой" деп ойладым да, осы салада білім алуды таңдадым", - деді Бақдәулет.
Бастапқыда бұл шешіміне анасы қарсы болған.
"Әкем ерте өмірден өтті. Үйде анам, ағам үшеуміз тұрамыз. Тігіншілікті оқуыма анам басында қарсы болды. "Дипломсыз қиын болады ғой" деп уайымын жеткізді. Бірақ өзім шешім қабылдадым. Кейін тігіншілікке ықыласымды көріп, анам да мені қолдай бастады", - деді ол.
"Алғашқы тапсырысты 1000 долларға тіктім"
Бақдәулет костюмдерді bespoke әдісімен тігеді. Оның бұл саладағы ерекшелігі де - осы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бірден тігуді bespoke технологиясымен меңгере бастадым. Bespoke — шамамен XIX ғасырда Англияда пайда болған ең жоғары санаттағы тігу технологиясы. Бұл технологияның басты артықшылығы — костюм дайын үлгілерді қолданбай, сіздің өлшемдеріңіз бен денеңіздің ерекшеліктерін ескере отырып тігіледі. Тағы бірнеше басым тұсын атап өтейін. Киімнің 70-90 % қолдан тігілуінің арқасында ерекше ыңғайлы болады, дублерин, яғни желім қолданылмайды. Ал желім — пиджак кигенде ыстықтап, терлеуіңіздің басты себептерінің бірі. Сондай-ақ, болашақ костюміңіздің матасын, дизайнын алдын ала өзіңіз таңдайсыз. Сатып алынған дайын костюм тапсырысқа тігілген сияқты денеңіздің кемшілігін жасырып, жақсы тұстарын асырып көрсете алмайды", - деді ол.
Ол алғашқы тапсырысын алу үшін адамдарға өзін ұсынған.
"Ең алғашқы тапсырысымды екі жыл алдын 7 наурызда қабылдадым. Оған дейін Әсет ағамен бірігіп, тапсырыстарды жіберетінбіз. Алғашқы клиентіме әлеуметтік желіден жазып, өзімді таныстырып өттім. "Қаласаңыз, сізге костюм тігейік" деп ұсыныс айттым. Негізі ол мені қолдау үшін келіскен шығар деп ойлаймын. Жалпы оған костюм керек болмаған секілді. Бір костюмді 1000 доллар - 550 мың теңгеге тіктік. Костюм өте жақсы шықты, клиентке де ұнады", - деді Бақдәулет.
"Баласынып, менсінбегендер болды"
Бақдәулет бұл салаға стильге деген қызығушылықтан келгендіктен, тек қана ерлер киімін тігеді.
"Маған ерлер стилі қызық. Тапсырыс берген кезде алдымен клиенттің өлшемдерін аламыз. Сосын моделін, әр ұсақ-түйегіне дейін бірге отырып, клиентпен талқылаймыз. Кейін таңдаған матаға тапсырыс береміз. Мата келген соң костюм дайын болғанға дейін бізде екі өлшем алу процесі болады. Тігу барысында костбмді уақытша жинап қоямыз. Сол кезде клиентке ұнамағандарын өзгертеміз. Кейін соңғы өлшем алуға келгенде клиентке киімін тапсырамыз", - деді ол.
Ол ыңғайсыздық тудырған тапсырысы туралы айтты.
"Бастапқыда әлеуметтік желіде танымал адамдарға өзімді таныстырып, хабарлама арқылы ұсыныс тастадым. Кейін олармен кездескенде қатты сасқалақтайтынмын. Біраз уақыттан кейін ғана үйрендім. Бірде облыс әкімінен костюм тігуге тапсырыс түсті. Ол бір клиентім арқылы бізді тапқан екен. Жұмыс істейтін қаласына өлшемін алуға бардық. Жаңағы мемлекеттік қызметкер Әсет аға екеумізді көріп, маған "баласысың ба?" деп сұрады. Мені баласынып, сенбейтіні көрініп тұрды. Өлшемдерін алайын десем, "Әсет ағаң тұрғанда сен ұстамашы" деп қорқақтады. Сондай қатты ыңғайсыздандым. Мата туралы сұрағанда да, білгенімді айтып жатсам, "сен сөзді бөлме" деп тыңдамай қойды. Бірақ одан кейін мұндай клиент жолықпады", - деді ол.
"900 мың теңгеден басталады"
Бақдәулет тігілген киімдердің ең жоғары бағасы - 1 400 000 теңге екенін атап өтті.
"Біздің жұмысымызда мата қиындысы бар каталог бар. Сол жерде клиентпен бірге отырып, мата таңдаймыз. Оның ішінде италияндық және англиялық брендтер бар. Клиент мата таңдаған соң біз бірден фабрикаға заказ береміз. Ондағы маталар өте сапалы, әрі бағасы да жоғары. Бір костюм шалбардың құны кем дегенде 900 000 теңгеден басталады. Ал клиенттің өлшемі үлкен болса көбірек мата жұмсалатындықтан, құны одан да жоғары болады. Жалпы осы уақытқа дейін 1 400 000 - 1 500 000 теңгеге тігілген костюмдер болды. Ең қымбат баға сол шығар", - деді ол.
Оның айтуынша, брендтен киім алудың кемшілігі бар.
"Бізде жақсы тігетін шеберлер өте аз. Клиенттер арасында да кезінде нашар тігіншілерге ұрынып қалғандар бар. Соның кесірінен жеке тапсырыспен тіктіруге аяқ тартып қалады. Сол үшін сенімді брендтерден дайынын алуға тырысады. Дегенмен, брендтердің бағасы бізден қымбат. Біздің сапада тігетін Kiton, Brioni,т.б. брендтерді атар едім. Бренд костюмдері кемінде 2-3 млннан басталады. Қымбат болуының себебі - танымал болуында. Ал кемшілігі - көпшілікке бірдей тігілетін болғандықтан кейбір жері үлкен, кейбір жері тар болады. Ыңғайлы бола бермейді", - деді Бақдәулет.
"Өз брендімді ашқым келеді"
Тапсырысқа тігілген костюм-шалбар 1-1,5 ай ішінде дайын болады.
"Тапсырысқа тіктірудің бір кемшілігі - уақытында шығар. Бірақ тапсырысқа тіктіру тиімді. Өйткені бренд бағасынан арзан әрі клиенттің жеке өзіне арнап тігіледі. Ал дайын киімді келесі күні киіп жүре бересің. Бір костюмнің өзіне 1 ай уақыт кетеді. Алғашқы аптасында матаны күтеміз. Қалған 20 күні өлшем алу, пішу жұмыстарына кетеді", - деді ол.
Бақдәулеттің болашақ мақсаты - жеке бренд ашу.
"Болашақта бренд ашқым келеді. Люкс сигменттегі өте жоғары сапалы дайын костюмдер шығарғым келеді. Ал әзірше осы салада бірнеше жыл тәжірибе жинаймын", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы