Кейде тері күнге күйіп кетеді. Күйген тері ауырады, қызады, қызарады және тіпті, күлдіреп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Егер тері аздап қызарса, үйде өздігіңізден емделуге болады. Алайда егер бала терісі күйіп қалса, ересек адамның күйіп қалған терісі ауырса, қышыса, күлдіреп кетсе және температурасы көтерілсе, ауруханаға бару қажет.
Күнге күйіп қалған кезде не істеуге болмайды?
- Зақымдалған жерге құрамында спирті бар құралдар жағуға болмайды. Себебі ол теріні құрғатады және ашытып ауыртады;
- Теріні мұзбен сүртуге болмайды, ол теріні одан сайын зақымдайды және тыртық қалдыруы мүмкін;
- Күйген теріні сілтілік сабынмен жууға және жөкемен ысқылауға болмайды. Бұл қабыну процесін күшейтіп, тіндерді тітіркендіреді;
- Көпіршіктерді тесуге болмайды, әйтпесе, жұқпа дамуы мүмкін;
- Күйген теріге май, вазелин және өсімдік майын жағуға болмайды. Олар тері тесіктерін бітеп тастайды және жасушаларға тыныс алуға кедергі келтіреді. Бұл зақымдалған жердің жазылу процесін баяулатады;
- Толықтай жазылғанша күннің көзіне шықпаған жөн.
Күнге күйіп қалған кезде не істеу керек?
Бірінші кезекте, күннен қорғанып, салқындау ғимаратқа кіріп, жата тұрған жөн. Егер басыңыз ауырса, жүрегіңіз айныса және қатты әлсіз болсаңыз, жедел жәрдем шақырыңыз. Бұл күн тигеннің немесе қатты күйік алудың белгілері болуы мүмкін.
Егер ағзаның жалпы жағдайы зардап шекпесе және күйік қатты емес екенін көрсеңіз, мына нәрселдерді жасаңыз:
- Күйіп қалған жерді суық су астында бірнеше минут ұстаңыз. Бұл ауыруды басады және терінің салқындауына ықпал етеді;
- Зақымдалған жерге зарарсыздандырылған дәке немесе таза матаны қайта-қайта салқын суға сулап қойыңыз. Бұл ыстықты түсіріп, теріні тыныштандыруға және ылғалдандыруға көмектеседі. Егер процедура ауыртпаса, зақым алған адам суы бар ваннаға қол-аяғын салуға немесе салқындау душқа түсуіне болады. Гель мен скраб пайдаланбаңыз;
- Күнге күйген теріге күйікке арналған құрал жағуға болады. Ол терінің ауыруын және қышуын басады;
- Су көп ішу керек. Алайда су қатты суық болмауы керек. Алкоголь мүлдем ішуге болмайды. Ал ауруды басатын дәрілерді тек дәрігер жазып беруі керек.
Күнге теріні қарайтқыңыз келсе, оны біртіндеп істеу керек. Егер теріңіз күйіп кетсе, дәрігерге көрсетіп алған дұрыс.
Сізге немесе жақыныңызға ыстық өткенін қалай білуге болады және ол кезде не істеу керек? Мына жерден оқыңыз.