Солтүстік Қазақстан облысында көлігін бес минуттан артық қыздырған ер адамға айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде көлігін 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл арқалаған петропавлдық тұрғын туралы әңгіме желдей есіп жүр. Жүргізушінің айтуынша, айыппұл көршілерінің арызы бойынша келген. Енді ер адам 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл төлеуі керек.
Желі қолданушылары бұл Қазақстандағы мұндай бірінші айыппұл деп болжам жасады.
Алайда Солтүстік Қазақстан полиция департаменті мұндай айыппұл бірінші рет салынып отырмағанын хабарлады. 2025 жылдың басынан бері Петропавлда екі жүргізушіге көлігін ұзақ уақыт қыздырғаны үшін айыппұл салынған. Ал былтыр төрт адам айыппұл арқалаған.
Еске салайық, бұған дейін енді қазақстандықтар көлікті 5 минуттан артық қыздырса, айыппұл төлейтіні хабарланды.
Бұл ереже бойынша айыппұл мөлшері - 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге), ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) болады.
Кейінірек депутат Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салатын норманы қайта қарауды ұсынды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!