АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) кейінгі 50 жылда алғаш рет Айға ұшатын төрт ғарышкердің есімін жариялады. Солардың бірі Кристина Кох болмақ, ол Айға ұшуға қатысатын алғашқы әйел астронавт болады, деп хабарлады NASA.
Кохтан басқа, Артемида II деп аталатын миссияға Орион экипажының командирі Рид Уайзман, Джереми Хансен және Айға ұшқан алғашқы афроамерикалық Виктор Гловер кіреді. Ұшу 2024 жылдың аяғына немесе 2025 жылдың басына жоспарланған. Артемида II 10 күндік ұшуы Айға қонуды қамтымайды, бірақ NASA бұл экипаж болашақ миссиялардың Жер серігіне қону үшін жол ашатынын айтады.
NASA-ның алғашқы Ай бағдарламасы 1961-1972 жылдары жүзеге асырылды. Бұл бағдарламаның атауы грек құдайы - Аполлонның құрметіне аталған. Миссия аясында адамзат алғаш рет Айға қонды, бағдарлама аясында Айға қону арқылы барлығы 6 ғарыштық ұшу жүзеге асырылды.
Экипаж командирі Уайзман NASA астронавтар басқармасының бұрынғы басшысы және 2015 жылы Халықаралық ғарыш станциясына миссиясына қатысқан. Канада азаматы Хансен - Канада корольдік әуе күштерінің бұрынғы жойғыш ұшқышы. Ол үшін бұл ғарышқа алғашқы ұшу болмақ.
Кристина Кох 2013 жылдан бері NASA астронавты. Ол Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) бортинженер ретінде бірнеше миссияларда жұмыс істеді. Ол әйелдің ғарышта ең ұзақ болу рекордын орнатқан - 328 күн. 2019 жылы ол алғаш рет әйелдерге арналған ғарыштық саяхатқа қатысқан.
Виктор Гловер NASA-ға 2013 жылы АҚШ Сенатында қызмет еткеннен кейін келді. Гловер өзінің алғашқы ұшуын 2020 жылы жасады, ол Халықаралық ғарыш станциясында бортинженер қызметін атқарды және 2021 жылы SpaceX-тің Crew-1 ғарыш аппаратының екінші командирі болған.