“Алғаш келгенде таңғалдым“. Әлем елдерінде Республика күні қалай тойланады?

“Алғаш келгенде таңғалдым“. Әлем елдерінде Республика күні қалай тойланады?
Фото: Коллаж: depositphotos.com

Қазақстанда 25 қазан - Республика күні. Бұл күн әлемнің басқа елдерінде де атап өтіледі. Massaget.kz тілшісі әлем елдерінде Республика күні қалай тойланатынына шолу жасады.

Қай елдер Республика күнін тойлайды?

Республика күні 26 қаңтарда Үндістанда, 2 маусымда Италияда, 1 қазанда Қытайда, 9 қаңтарда Сербияда, 11 қаңтарда Албанияда, 29 қазанда Түркияда, 14 шілдеде Францияда атап өтіледі.

Үндістан/chatgpt

"Алғаш келгенде таңғалдым". Түркияда қалай тойланады?

Түркияда білім алған Дана Маратованың сөзінше, бұл елде Республика күні жоғары деңгейде тойланады.

"Түріктер Республика күнін 29 қазанда тойлайды. 2021 жылы Түркияға алғаш келген кезде таңғалдым. Бізде де мемлекеттік демалыс беріледі, оларда да мемлекеттік демалыс беріледі. Бірақ олар бұл күні ту алып, Ататүріктің суретін ұстап, футболкаларын киіп, отбасымен көшеге шығады. Үш жыл қатарынан Түркияда Республика күнінде болдым. Жаяу жүргіншілер жолында үлкен марш ұйымдастырылады, жолдар жабылады", - дейді ол.

Түркиядағы қазақстандықтың айтуынша, мереке күні Мұстафа Сандал, Сефо секілді түріктің танымал әншілері тегін концерт береді.

"Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл болған кезде де осы елде болдым, үлкен көлемде атап өтілді. Оған қоса, 29 қазанда көптеген қалада қоғамдық көлікпен қатынау тегін болады. Әсіресе Ыстамбұл, Анкара сияқты қалаларда бұл өте ыңғайлы", - деді ол. 

Суреттер: Дана Маратова

Дана Маратова Қазақстанда да Республика күні Түркиядағыдай дәріптелсе екен деген тілегін білдірді.

"Мәселе - Түркияда күшті, бізде жақсы деуде емес. Біздің республика болып құрылғанымызға, Тәуелсіздік алғанымызға аса көп бола қойған жоқ. Дегенмен Республика күні дегеннің не екенін, не үшін бұл күні демалыс берілетінін оқушы кезімде қатты түсінбеген едім. Кейін түсініп жатырмын. Сондықтан Түркиямен салыстырғанда, түсіндірме жұмыстары көбірек жүргізілгені дұрыс деп ойлаймын", - деді қазақстандық.

Италияда қалай тойланады?

Италиялықтар Республика күнін 2 маусымда атап өтеді. Италияда тұратын Шынар Естемісқызының сөзінше, Римде бұл күні арнайы парад ұйымдастырылады.

romegid.com

"Италияның бірінші императорына арналған мемориал бар. Сол жерде міндетті түрде ту көтеріледі. Тікұшақтар ұшырылады. Халық демалыс берілгеніне қуанады. Өйткені италиялықтар демалғанды жақсы көреді", - дейді қазақстандық.

Италия/chatgpt

"Халық жылайды". Қытайда қалай тойланады?

Еске салайық, бұған дейін қытайлықтар Республика күнін қалай тойлайтыны туралы материал жариялаған едік. Қытайда Республика күні - ең басты мемлекеттік мереке. Бұл күн жыл сайын Қытай Халық Республикасының құрылған күні ретінде 1 қазанда атап өтіледі. Биыл Қытай 75-рет Республика күнін тойлады. 

Бұған дейін Massaget.kz-ке сұхбатында Қытайда білім алған қазақстандық аудармашы Рүстем Нұрлан бұл елде Республика күні қалай тойланатынын айтты.

"1949 жылы 1 қазанда Мао Цзэдун Бейжіңдегі Тяньаньмэнь деген алаңда Қытай Халық Республикасы деп жариялады. Содан бері қаншама жыл өтсе де, әлі күнге дейін қытайлықтар бұл мерекені тойлайды. Ол күні қытайлықтар демалады, бір аптадай демалыс беріледі. Жұмыс, оқу тоқтайды. Қытай көшелерінде тулары ілінеді. Әртүрлі концерттер өткізеді", - деді ол.

Сонымен қатар елдің басты алаңында Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдуннің суреті, құттықтау сөздер жазылған қызыл плакаттар ілінеді. 

"Әр күн сайын күн шығатын таңғы уақытта Қытай Халық Республикасы деп жарияланған алаңда ту көтеріледі. Халық таңертең кезекке тұрады, тіпті ту көтерілгенін көру үшін бір күн бұрын тіркеліп қояды. Ал ту көтерілгенде халық жылайды. Бұған ешкім мәжбүрлемейді, қытайлықтарда осындай ұлттық рух бар. Кішкентай балаларын да әкеліп, таңғы бесті, ту көтерілгенін күтеді. Яғни қытайлықтар Республика күнін тойлау үшін тек 1 қазанды күтпейді", - деді қазақстандық.

Қазақстандықтар Республика күнінде қанша күн демалады? 

Қазақстандықтар 25 қазан - Республика күніне орай биыл да үш күн қатарынан демалады. 2024 жылы Республика күні жұмаға сәйкес келеді. Сондықтан аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады.

  • 25 қазан, жұма - Республика күні, ресми демалыс;
  • 26 қазан, сенбі - әдеттегі демалыс;
  • 27 қазан, жексенбі - әдеттегі демалыс.

Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер екі күн демалады.

Айта кетейік, Республика күніне орай демалыс ресми түрде 2022 жылдан бастап беріліп келеді.

Анықтама: Елімізде 25 қазанда Республика күні атап өтіледі. 1990 жылы осы күні Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осыған орай бұл айтулы мереке күні Тәуелсіздік күнімен қатар демалыс күндер қатарына енді. 2009 жылы Республика күні ұлттық мереке мәртебесінен айырылды. Дегенмен былтыр Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтарудың маңызын да түсіндірген еді.

"Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні - халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке" деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.          

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова