- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алған әсерім ерекше"...
"Алған әсерім ерекше" - Саяхатшы Ернар Алмабек Ауғанстанда таңғалдырған оқиғасын бөлісті
Ауғанстан десе, көз алдыңа қарулы адамдар елестейді. Танымал блогер, фотограф Ернар Алмабек Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында көзбен көрген Ауғанстан қандай екенін әңгімеледі.
Жуырда Ернар Алмабек Ауғанстанға саяхаттап барды. Бүгінде тәліптер билік құрып отырған бұл ел көпшілікке жұмбақ көрінеді.
Фотографтың сөзінше, бұл сапарына отбасы қарсы болған, дегенмен ешкімге айтпай виза жасатып, ақыр аяғында оларды да көндіріпті.
"Алматы-Дубай-Кабул деген рейспен Дубай арқылы 12 сағатта жеттім. Қайтар жолда да солай: Кабул-Дубай-Алматы. Негізі жермен де Тәжікстан арқылы келуге болады. Бірақ көлікпен жүру кішкене қиындау. Сол себепті ұшақпен келуді ұйғардым. Виза алу қиын емес, құжаттарды түгел дайындасаң, бір-екі аптада алуға болады. Бірақ менің жағдайымда шаруалар шығып қалып, консулдар бос болмай, виза алуым 1 айға созылып кетті. Былтыр қазанда келемін деп жоспарлаған едім. Бірақ қазанда келе алмай, басқа сапарлармен жолға шығып, биыл келу бұйырды", - деп әңгімеледі ол.
Ернар Алмабек Ауғанстанға кірерде паспортына белгі қойылғанын, саяхатшы болғандықтан, бұл болашақта мәселе тудырмайды деген сенімде екенін айтты.
"Паспортымда Израильдің визасы бар. Израильден кейін Ауғанстанға келуге болмайды дегенді қаншама жерден оқыдым. Бірақ, Құдайға шүкір, аман-есен Ауғанстанға келдім. Ешкім ештеңе деген жоқ", - деді ол.
Саяхатшы Ауғанстанда гидтердің көмегіне жүгінген.
"Жанымда 4 гид жүрді, жас жігіттер, жаңадан бастап жатыр екен. Олар барын салып көмектесіп жатыр. Менің рұқсат қағаздарымды да алып берген - солар. Мені тоқтатып жатса, тәліптермен келіссөз жүргізіп, сөйлесіп жатқан да солар. Ағылшын тілінде сөйлейді, менің ағылшыным сәл нашарлау, бірақ тіл табысып жатырмыз" - деді блогер.
Ауған асудағы мақсат не?
Ернар Алмабектің сөзінше, бұл жақта қазақтар да тұрады деп естіген соң басты мақсаты Ауғанстандағы қазақтарды видеоға түсіру болған.
"Кейін бұл ойым өзгерді. Бірінші Кабулды көрсетейін дедім, жергілікті адамдардың жағдайы қандай екен, соны көрейін дедім. Тарихи жерлерін көрейін деп Бамиан деген өлкесіне бардым. Ол жақ та әдемі екен. Кейін Мазари-Шариф қаласында тұратын қазақтарға бардым", - деді блогер.
Ауғанстанда өзіңе қауіп төндірмеудің, күдікті көрінбеудің бір амалы қызыл-жасыл киім кимеу, ең дұрысы жергілікті жұрттың киімін сатып алу екен. Саяхатшының сөзінше, мұнда 44 миллионға жуық адам тұрады, екі ресми тіл бар, тарихи, мәдение ескерткіш көп. Ал бұл елдің ұлттық валютасы ауғани деп аталады. Бір ауғани - 7 теңге.
"Адамдар автоматпен күзетіп тұрады"
Блогер Кабулдың әр көшесінде қарулы күзет тұрғанын, ал ең қызық әрі таңсық жайт қонақүйде болғанын әңгімеледі.
"Ұшақта отырып Кабулды, лашықтарды көрген кезде біртүрлі сезімде болдым. Тақыр дала болып көрінді. Ауғанстан деген осы екен ғой деп ойладым. Ұшақтан түскеннен кейін гидтер күтіп алды, қаланы араладық. Әр көшеде қарулы күзет тұрады. Қарулы адамдарды көрген кезде біртүрлі боласың. Ең қатты таңғалдырғаны: қонақүйге кіру үшін 4 күзеттен өтесің. Темір есіктер қойған, іштегі күзет кішкентай тесіктен сығалайды. Күзетшілер түгел денеңді тексереді, бүкіл затыңды сканерден өткізеді. Қонақүйдің сыртында адамдар автоматпен күзетіп тұрады. Сөйтсем бұл жердегі қонақүйлерге кіріп-шығудың ережесі сондай екен. Ішке біреу кіру керек болса, құжаттарын қатты тексереді, ішкі кірудің де себебі болу керек", - деді ол.
"Консулдық тіркеуге тұрдым"
Саяхатшы Ауғанстанды соғыс жүріп жатқан, дамымай қалған ел ретінде елестеткенін, мұнда келу қауіпті деп ойлағанын жасырмады.
"Жалпы аз-маз қауіп бар, оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ менің жолым болып, жақсы гидтер түсіп, дұрыс адамдармен танысып, солардың арқасында қиындықсыз жүрмін. Ауғанстандағы Қазақстанның елшілігінде істейтін қызметкерлер де бұл сапарға үлес қосқанын айтқаным дұрыс шығар. Өйткені Кабулға барған күні консулдық тіркеуге тұрдым. Мұнда келгенде бұл өте маңызды. Олар өз кеңестерін айтып, жүріп-тұру ережелерін түсіндірді. Әрдайым олармен байланыстамын", - деді ол.
Ернар Алмабек Ауғанстанда арнайы рұқсат қағаздар алғанын айтты.
"Ауғанстанға келу дайындықты талап етеді. Алдын ала бәріне хабарласып, маршрутыңды білуің керек. Баратын жерлер бар, бармайтын жерлер бар, түсіретін нәрсе бар, түсірмейтін нәрсе бар. Бәріне дайындалып келсең, еш қиындықсыз келіп-кете аласың. Дайындығың болмаса, көп кедергіге тап боласың. Маған дейін кейбір таныстарым дайындықсыз келген. Олар көшеде ештеңені дұрыс түсіре алмаған, ұстап алған. Құдайға шүкір, менде құжаттарым - бәрі дайын болды. Камераға да алдын ала рұқсат алдым, менің қолымдағы рұқсатнама қағазда "шетелден келген турист, бұл кісінің жұмыс істеуіне, видео түсіруіне кедергі келтірмеңіздер, керісінше көмектесіңіздер" деген жергілікті әмірдің, яғни әкімшіліктің қолы, мөрі қойылған қағаз болды. Видео түсіргісі келсе, оны кез келген турист ала алады. Мені тәліптер жолда ұстады. "Неге камерамен түсіріп жүрсің?" деген сұрақтар қойды, қағазды көрсеттім, "қонақ екенсің ғой, ренжіме" деп жібере салады", - деді ол.
"Халқы өте қонақжай екен ..."
Ернар Алмабек Ауғанстанның Кабул, Бамиан, Мазари-Шариф секілді қалаларында, Банди-Амир ұлттық паркінде, Баахта болған. Саяхатшы ауғандардың ерекшеліктері жайлы да әңгімеледі. Оның сөзінше, алғашында Ауғанстан қауіпті, адамдары дөрекі деп ойлаған.
"Шыны керек, таңғалдырғаны, халқы өте қонақжай екен. Турист екенің білініп қалса, көшеде, базарда шай ішіп отырған адамдар, күзетшілер "кел, отыр, шай іш" деп шай береді. Мекеме болса, кеңселеріне шақырып, "жүр, ішке кір" дейді, мешітте де ішке шайға шақырады", - деді Ернар Алмабек.
"Жергілікті халықтың өзара қарым-қатынасы жақсы. Тек көзбен көрген нәрсемді айтайын. Көшеде әр бұрышта тәліптер тұрады. Олар - жергілікті билік. Шыны керек, басында тәліптерден қорыққанмын. Толық қаруланған, көздерін қара қынамен бояп алады. Жанынан өткенде басында уайымдайтынмын, одан кейін үйреніп кетеді екенсің. Олар ешкімге артық тиіспейді. Тек әрбір көлікті тексереді. Күмәнданса, сұрақ қояды немесе құжатыңды тексереді. Алғашқы күндері менен көбірек құжат тексеретін. Қазір тоқтатса да сұрамайды. Кейде жергілікті киімді киіп жүремін, ол кезде мүлдем ештеңе тексермейді. Басында оларға таңырқай қарағаным күмәнді көрінген шығар", - деді фотограф.
Ауғанстанда түрлі ұлт тұрады. Ернар Алмабектің сөзінше, ең көбі - пуштундар.
"Қазір билікте отырған да негізгі құраушы ұлт - пуштундар. Басты ерекшелігі - қонақжайлығы, біз де қонақжаймыз дейміз ғой, біздің қонақжайлығымыз бөлек, бұлардың қонақжайлығы бөлек. Ауғанстандықтардың қонақжайлығы шай ұсынудан басталады. Дегенмен бес саусақ бірдей емес қой. Бәрібір абайлап жүру керек. Жайбарақат жүре беретіндей жер емес. Қонақжай екен деп әркімнің артынан еріп кете беретіндей ел емес. Ауған халқының ерекшелігі сол - көп сұрақ қояды, көп сөйлеседі. Амандасуының өзі бір-екі минутқа жалғасады. "Ассалаумағалейкум, қалің қалай? Үй-іші аман ба, бала-шаға жақсы ма, үйдегі қариялар жақсы ма, өзің қай жақта тұрып жатсың? Жұмыстарың - бәрі дұрыс па?" деп ұзақ сөйлеп барып тоқтайды. Екіншісі ұзақ сөйлеп барып жауап береді. Мен не сұрақ қойдың деп сұрасам, амандастым, екінші адам сәлемдескеніме жауап берді дейді. Көшеде танымайтын адаммен де осылай амандасады. Дүкенге кіріп, бірнәрсе сұраса да осылай ұзақ амандасады. Бір-бірімен сөйлескен кезде бөтен адам сияқты емес, бірден танитын адам сияқты сөйлесіп кетеді", - деп әңгімеледі ол.
"Тәліптермен отырып шай іштім"
Фотограф сапар барысында тәліптерге қонақ болып, бірге шай ішкен. Бір қызығы, бұл елдің халқы шайға не асқа шақырғанда, бас тартқанды құп көрмейді екен.
"Кабулда мешіт бар. Мешіттің имамы менің видео түсіріп жүргенімді көріп, "турист екен ғой, ішке кіріп шай ішсін" деп шай берген еді. Бірнеше жерде осылай отырып шай іштім. Тіпті тәліптермен де бірге отырып шай іштім, өте біртүрлі болды. Түнгі уақыт еді, таудың басында айдалада қираған ғимараттар тұр екен. Сол жерде отырдым. Тәліптер рұқсат қағазымды тексерді де, "видео түсіруге келдің бе?" деді. "Онда кел отыр, шай іш" деді. "Видео түсіріп алайын, уақытым болмай тұр" деп едім, "видео түсіріп болғаннан кейін келіп шай іш" деді. Мен видео түсіріп болғанша түн болды. Тәліптер кәдімгідей қаруланған, шамамен он шақты адам. Ортаға автоматтарының бәрін жайып тастаған. Артында бір-екеуі автоматпен тұрды. Сол жерде суретке түстік. Шай үстінде "жарты сағаттан кейін тамақ піседі, күт, тамақ іш" деді. Сол күні мені басқа бір жігіт қонаққа шақырып қойған еді. Мен қонаққа шақырып қойғанын айттым. Сылтауың, себебің болмаса, жайдан-жай жоқ дей алмайсың. Тамаққа шақырғанда, жоқ десең басқаша қабылдайды, тез ренжіп қалады", - деді блогер.
"Тағамдары дәмді, палауды көп жейді"
Саяхатшы жергілікті халықтың дәмінен де ауыз тигенін, астары ерекше дәмді екенін айтты.
"Тағамдары дәмді. Палауды көп жейді, тіпті отырған сайын палау жейді. Кәуаптың түр-түрі бар. Бірақ бірінші күні уланып, асқазаным ауырып жүрді. Қазақстаннан жұмыстарымен келген қазақтарға барып тамақ ішкеннен кейін басылды", - деді ол.
"Мектептерін, жекеменшік мектептерін көрдім, университеттерін араладым. Ауғанстан политехникалық университеті бар екен. Соның ішіне кіргізіп көрсетті. Көремін десең бәрін көрсете береді. Тек үйлеріне кіргізбейді. Ол да бір өздерінің заңдары. Біздегідей "үйге кір, төрге шық, жеңгең шай құйып береді" деген әңгіме жоқ. Бірақ бір ауған жігіт үйіне қонаққа шақырған. Ет жеп қайттым", - деді ол.
"Қазақстанның ұны - бренд"
Фотограф ауғанстандықтардың қазақтарға көзқарасы өте жақсы екенін жеткізді. Көпшілік Қазақстанға ұны арқылы қанық екен.
"Мені қонақжайлықпен қабылдады. Қазақтарға деген көзқарас басқа елдермен салыстырғанда түзу. Жергілікті халықтан сұрағанымда, "басқа елден болғаныңда сәл басқаша болар ма еді?!" деді. Қазақстан десе көп адам біледі. Өйткені мұнда барлық жерде Қазақстанның ұны сатылады. Қазақстанның ұны - бренд. Базарға келсең, бірінші сортты қазақтың ұны барлық жерде тұр. Базар наубайхананың жанында екен. Базарда жүргенде тіпті нан сататындар Қазақстаннан екенімді біліп, "неге Қазақстанның ұнының сапасы төмендеп, бағасы көтеріліп кетті? Қазақстанға жеткізіп баршы. Ұнның кесірінен нанымыз нашар шығып жатыр" деді. Сөйтсем, ол біздің кінә емес екен. Ортадағы делдалдардың кінәсі екен. Қазақстанның ұнын алып, аузын ашып, ортасына жаман ұнды араластырып, қымбатқа сатады екен", - деп әңгімеледі ол.
Анықтама: ашық ақпарат көздеріндегі статисткаға жүгінсек, Ауғанстан - Қазақстан ұнының ең үлкен тұтынушысы, оған жалпы ұн экспортының 70 пайызы тиесілі. 2022 жылы Қазақстан Ауғанстанға 1,36 миллион тонна ұн экспорттаған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 52 пайызға көп. Осылайша Ауғанстан Өзбекстан және Тәжікстанмен қатар осы өнімді тұтынушы негізгі үш ел арасында көш бастап тұр.
"Қазақтарға қатты ұқсайды"
Ернар Алмабек Ауғанстаннан қазақтарға сырт келбеті жағынан қатты ұқсайтын ұлтты кездестіргенін айтады. Олар хазарилер екен. Таулы аймақтарды мекендейтін бұл халық Кабулда да тұрады.
"Олардың түбі түріктектес. Кезінде моңғол шапқыншылығы кезінде келген, содан қалып қойған дейді. Парсы тілінде сөйлейді. Діндері - исламның шейіттері. Қазаққа жақындығы түрі ғана, тілі мен діні бөлек. Өте мейірбан, күліп тұрады, қазақтарға қатты ұқсайды. Қазақ қой амандасайыншы десең, хазари болып шығады. Олар да хазариға ұқсайтын турист көріп қатты таңғалады. Бірге суретке түседі", - деді блогер.
"Кімнің қазақ екенін анықтау қиындау"
Ернар Алмабек Мазари-Шариф қаласында қазақтарды видеоға түсіргенін айтады.
"Жағдайлары қиын екен, шыны керек. Бірақ жергілікті халықпен қатты аралас-құралас болып кеткен. Тілдері бұзылған. Кімнің қазақ, кімнің қазақ емес екенін анықтау қиындау. Жағдай қиын дегенім - сол. Мысалы, базарда жүрдім. Қазақ екенімді білген әр екінші адам "мен де қазақ болғым келеді, мені де Қазақстанға алып кетші" деді. Бұл жерде басқа елге кеткісі келетіндер де көп екен. Қазақ болып кеткісі келетіндер өте көп. Өзге ұлттар құжаттарын да әдейі, ақша төлеп, "қазақ" деп жазғызып алған. Базарда жүрген кезде соған көзім жетті. Бір жігіт келіп, ақша ұсынып, "құжатымды қазақ деп жазғызып беріп, виза бере аласыңдар ма?" деді. Бұл - өте үлкен зерттеуді талап ететін мәселе", - деді Ернар Алмабек.
Мақаладағы суреттер Ернар Алмабектің жеке архивінен
Ауғанстандағы қазақтардың тағы бір ерекшелігі - мұнда бөлек орналасқан қазақ ауылдары деген түсінік жоқ екен.
"Қазақтар шашырап орналасқан. Бір-бірінен алыс тұрады. Қаланың ана шетінде бір қазақ, мына көшеде бір қазақ деген сияқты, өте аз. Қытайдағыдай, Моңғолиядағыдай түрлерінен қазақ екені көрініп тұрған жоқ. Біріншіден, тілдері шатысқан. Екіншіден, бәрі сақал қойған. Кейбір отбасылар әйелдерін көрсетпейді. Бұл жақтағы қазақтардан біртүрлі сезіммен шықтым, шыны керек. Қытайға барғанда, қазақтарды көргенде басқа әсер алдым, олар салтын, тілін сақтаған, бәрі қазақша сөйлейді. Ауғанстандағы қазақтар басқаша. Кинода жүрген сияқтымын. Алған әсерім ерекше, өмірбойы есте қалатын болды", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова