Әлеуметтік себептен жасайтындар азаймай тұр: Қазақстанда әйелдер не үшін абортқа жүгінеді?

Қазақстанда кейінгі жылдары қанша әйел жасанды түсік жасатты? Жасанды түсікке көбіне қандай себептер әсер етеді? Маңызды сауалдарға маман жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыдағы №36 қалалық емхананың жоғары санатты дәрігер-гинекологы, акушерлік және гинекология кафедрасының ассистенті Жанар Бузумова.

Жасанды түсік қандай жағдайда жасалуы мүмкін?

Сарапшының айтуынша, жасанды түсік әйелдің өтініші бойынша не медициналық немесе әлеуметтік себептермен ғана жасалады. Ал ол үшін тек әйелдің өзінің рұқсаты қажет (медицинада бұл науқастың хабардар етілген келісімін алу деп аталады).

"Жүктілікті тоқтату үшін соңғы етеккірден (дәрілік түсік болған жағдайда) 63 күн ішінде және жүктіліктің 12 аптасына дейін (хирургиялық түсік болған жағдайда) жеке куәлікпен тұрғылықты жер бойынша акушер-гинекологқа көріну керек. Содан кейін қажетті талдаулар тізімін тапсырып, келісімге қол қою керек", - деп түсіндірді маман.

  • Қандай жағдайда жасанды түсік жасатуға рұқсат беріледі?

- әйелдің өтініші бойынша жүктіліктің 12 аптасына дейін;
- жүктіліктің ұзақтығына қарамастан, жүкті әйелдің және (немесе) ұрықтың өміріне қауіп төндіретін медициналық себеп бойынша (моногенді генетикалық аурулар, түзетілмейтін туабіткен ақаулар, т.б.);
- әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жүктіліктің 22 аптасына дейін жасалады.

depositphotos.com

Бір рет жасанды түсік жасатса, әйел қайта жүкті бола алмайтыны рас па?

"Көп жағдайда олай емес. Жүктілік тоқтағаннан кейін әйел жүкті болу қабілетін жоғалтпайды. Бірақ кейде түсік жасатқаннан кейінгі асқынуға байланысты қайта жүкті болу мүмкін емес немесе қиын болады", - деп жауап берді сарапшы.

depositphotos.com 

Әлеуметтік себептен түсік жасату азаймай тұр. Cтатистика қандай?

Жауапқа сүйенсек, 2019-2021 жылдары ресми тіркелген түсік көрсеткіші туу жасындағы мың әйелге шаққанда 17,2 пайыздан 15,7 пайызға төмендеген. Дегенмен медициналық себеп бойынша түсік жасату көрсеткіші өскен, оның үлесі - 75 пайыз. Соның ішінде 60 пайызында әйелдердің денсаулығына, 40 пайызында ұрық дамуының туабіткен ауытқуына байланысты болған.

depositphotos.com 

"Халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан әйелдер арасында әлеуметтік себептермен түсік жасату саны азаймай отыр", - деп жазылған жауапта.

Қай жастағылар абортқа көп жүгінген?

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2022 жылы түсік жасату көлемі 2021 жылмен салыстырғанда аздап азайып, 15,6 пайыз болды. Бұл кезеңде 71,4 мың түсік жасалған. Жасанды түсік жасатқандардың 60,7 пайызы - 19-34 жас аралығындағы әйелдер, 37,7 пайызы - 37 жастан асқан әйелдер.

"Мамандардың айтуынша, ауылдағы әйелдерге қарағанда қала тұрғындары жиі түсік жасатады", - деп жазылған жауапта.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, биылғы 8 айдың мәліметтері бойынша 1000 фертильді (жыныстық тұрғыдан жетілген ағзаның өмірге ұрпақ әкелу қабілеті - еск.) жастағы әйелдер санына бөлгенде түсік көрсеткіші - 9,9, былтырмен салыстырғанда 3,8 пайызға төмендеген (2023 жылғы 8 ай бойынша 10,3; 2022 жылы 15,5; 2023 жылы 14,9).

depositphotos.com 

Қандай жағдайда жасанды түсік жасатуға болмайды?

Министрлік өкілдері жасанды түсік жасатуға қарсы көрсеткіштерді атады:

1) жыныс ағзаларының қабыну аурулары;

2) іріңді ошақтар болуы;

3) инфекциялық аурулар;

4) жүктіліктің кеш мерзімі.

Кәмелетке толмағандарға қатысты қандай талап бар?

Министрлік жауабында кәмелетке толмағандардың жасанды түсік жасатуы ата-анасының жазбаша келісімімен жасалатыны айтылған.

Ведомство мәліметінше, медицина қызметкерлері ерте жыныстық қатынастардың, аборттардың профилактикасы, жеке гигиена мәселелері, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, репродуктивті денсаулықты сақтау және нығайту, отбасын жоспарлау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді.

"Барлық өңірде 104 жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді, олардың негізгі мақсаты - білікті медициналық-психоәлеуметтік және тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсету арқылы жасөспірімдердің, жастардың денсаулығын сақтау", - деп жазылған жауапта.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!