Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Отырыста Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев үкімет отырысында тұрақтандыру қорының жұмысы мен қазіргі жағдайы туралы баяндады. - Жалпы алғанда жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының шамалы өсуі байқалады. Ең жоғары бағалардың өсуі қант бойынша 23,4%, күріште 12,5%, қырыққабатта 11,0%. Сонымен бірге, кейбір тауарлар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалады. Олар қарақұмық жармасы 27,6%, картоп 28,5%, пияз 25,4% және сәбіз 18,2%. Өңірлер кескінінде жалпы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының ең жоғары өсуі Жезқазған 4,4%, Шымкент 4,2%, Түркістан 4,0% және Көкшетау 3,9% қалаларында байқалды. Айдың басындағы (қараша) мәліметтерді қарастыратын болсақ, бағалардың ең жоғары өсуі жұмыртқада 2,4%, құс етіне 1,9% және күнбағыс майында 1,1% байқалады. Ал бағалардың төмендеуі сәбізде 1,9%, картопта 0,3% байқалады. Өңірлер бойынша: бағалардың ең жоғары өсуі Ақтөбе 2,0%, Көкшетау 1,5%, Павлодар 1,5% және Семей 1,4% қалаларында байқалады, ал төмендеуі Түркістан, Шымкент қалаларында 0,7 %-ға дейін байқалады, - деді вице-министр баяндамасында. Министрліктің айтуынша, көкөніс өнімдері бағасының ауытқуына өндіріс маусымдылығы әсер етіп отыр екен. Онымен қоса, ұлттық теңгенің құнсыздануы да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне себеп болған. Одан бөлек, азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсетулерге бағалардың өсуі әсер еткен. Ауыл шаруашылығы министрлігімен, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қаласының әкімдіктермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатымен белгіленген шаралар қолданылып жатқаны жайлы да Арман Евниеы айта кетті. Сондай-ақ өңірлерде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жайы жайлы есеп бере кетті. - 2018 жылдың қаңтар-қарашасында аймақтармен тұрақтандыру қорларына барлығы 25,4 мың тонна азық-түлік тауарлары сатып алынды, соның ішінде: картоп 11,0 мың тонна, қант 5,0 мың тонна, пияз 2,4 мың тонна, сәбіз 1,8 мың тонна, күріш 0,6 мың тонна, қырыққабат 0,38 мың тонна, күнбағыс майы 240 тонна. Аталаған аралық бойынша сатылғандар барлығы 29,0 мың тонна, соның ішінде: картоп 11,65 мың тонна, қант 5,4 мың тонна, пияз 2,7 мың тонна, сәбіз 2,2 мың тонна, 1 сұрыптағы бидай ұны 2,3 мың тонна, қырыққабат 1,8 мың тонна, күнбағыс майы 964 тонна, күріш 943 тонна, 1 категориялы жұмыртқа 244 тонна, сиыр еті 225,6 тонна. Тұрақтандыру қорларын қалыптстыру бойынша штабтар жұмыстарының жандануы Ақтөбе, Атырау, Қостанай, СҚО, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы қалаларында байқалады, ал Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында соңғы екі айда тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарлары сатып алынбаған, - деді вице-министр баяндамасында. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға тұрақтылығын қамтамасыз ету туралы мәселені қарастыру барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің ресми сайты. Ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрлерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері туралы баяндамаларын тыңдаған соң Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне нарықтардың азық-түлік өнімдерімен толығуы, сауда инфрақұрылымын дамыту және делалдарды болдырмау бойынша шараларды іске асыруды бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар Б.Сағынтаев жиналған өнім мен екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде қаражаттың болуына қарамастан, Тұрақты қорлардағы қор тиісті дәрежеде толықтырылмай отырғанын айтты. Баға өсіп жатыр. Ал кейбір өңірлерде депозиттер банктерде еш қозғаусыз жатыр, Тұрақты қорлар болса, өз жұмыстарын толық атқарып отырған жоқ. Ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктеріне баға динамикасына және Тұрақты қорлардың қалыптасуына тұрақты түрде үйлестіру және мониторинг жұмыстарын жүргізуді тапсырды.