- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлеуметтік қолдау: 4%-тен...
Әлеуметтік қолдау: 4%-тен аспайтын микрокредит кімге беріледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 4%-тен аспайтын микрокредит берілетінін мәлімдеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында: "Көпбалалы және табысы аз отбасынан шыққан азаматтарға жеті жылға дейінгі мерзімге жылдық мөлшерлемесі 4%-тен аспайтын жеңілдетілген микрокредиттер беріледі", - деді министр.
Халықты әлеуметтік қолдау бойынша енгізіліп отқан бірқатар шараларды айта келе: "Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың, оның ішінде табысы аз және көпбалалы отбасылар арасында дамытудың маңызы зор. 2019 жылы бес өңірде 204 отбасын қамтыған "Менің кәсібім" жобасы басталды. Биыл "Жасыл экономика" коалициясымен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз", - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, енді қысқа мерзімді оқыту төртжақты келісімшарт жасау арқылы тек жұмыс берушілердің өтінімі бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек, жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру үшін "Алғашқы жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жаңа тетіктері енгізіліп отыр.
Министр облыс әкімдіктерінен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударуды сұрады. Нұрымбетовтің айтуынша, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының еңбек нарығына қосып отырған үлесі зор.
А. Оралқызы