Әлеуметтік қамсыздандыру кодексіне қандай ұсыныстар жасалып жатыр?

Әлеуметтік қамсыздандыру кодексіне қандай ұсыныстар жасалып жатыр?

ҚР Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің тұжырымдамасын дайындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың ұсынысын қабылдауға дайын екенін хабарлады. Енді Қазақстан азаматтары әлеуметтік қамсыздандыру бойынша түрлі мәселенің шешілуіне атсалысып, ұсынысын айтып көмектесе алады. Қазірдің өзінде ведосмтвоның ұсыныстарға арнайы ашқан ресми парақшаларында біршама ұсыныстар бар. Азаматтардың кодекске ұсынысында қандай мәселелер басым болып жатыр? Бұл кодекстің жетілдірілуіне ел азаматтарының ұсынысы қалай әсер ете алады?

Қазір азаматтар ұсыныстарын электрон пошта, Facebook, Telegram және WhatsApp мессенджері арқылы жазып, жіберіп жатыр. Ашық желілердегі ұсыныстардың дені мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайына, қамсыздануына, олардың құжаттамасының оптимизациялануына қатысты. Сонымен бірге азамат аяқ асты ауруға шалдыққан жағдайға қатысты бірқатар ұсыныстар бар. Мысалы бұл туралы Telegram-чатта жазылған мына бір ұсыныста айтылған:

«Мәселен адам ауыр дертке шалдығып қалса, қаржылай қиындық көреді. Мұндайда зейнетақы қорындағы жинақтаған қаржысын пайдалануға мүмкіндік берілуі керек. Азаматтар ауыр дертке шалдыққанда зейнет жасын күтуі қисынсыз нәрсе, сондықтан зейнетақы қорындағы қаржыны үй сатып алуға ғана емес, емделуге де алып жұмсауға мүмкіндік берілуі керек», - делінген ұсыныста.

Ұсыныстардың арасында әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың және мүгедектігі бар немесе мүгедек адамға қарап отырған отбасылардың тұрғын үй мәселесі де бар. Қолданушылардың бірі шешім ретінде мемлекет тарапынан жалға берілетін үйлерді салуға ұсыныс жасаған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, мүгедектігі бар, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға қоғамдық қызметтерді пайдаланғанда барынша жақсырақ жеңілдік жасалу мәселесі де көтерілген.

Telegram-дағы белсенді азаматтардың бірі жекеменшік мекемеде жұмыс істейтіндердің денсаулық демалысындағы ақысына қатысты проблема барын айтты. Яғни жекеменшік мекеме қызметкері ауырып қалған жағдайда оның еміне қаржы болмай қалуы мүмкін дейді ұсыныс жасаушы.

Бұл кодексте әлеуметтік қамсыздандырудың басы-қасында жүретін әлеуметтік қызметкерлердің де мәселелері қамтылмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі заңнамада қарастырылмақ.

«Әлеуметтік қызметкерлердің құқығын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, әлеуметтік қызметкердің міндеттері мен жауапкершілігін кеңейту және заңнамалық бекіту, әлеуметтік қызметкердің этикасына қойылатын талаптарды белгілеу арқылы әлеуметтік қызметкердің мәртебесін арттыру ұсынылады, оларды бұзған кезде тәртіптік жауапкершілік көзделуі керек. Сонымен қатар біз жоғары оқу орындарында әлеуметтік қызметкерлерді практикалық білімге баса назар аудара отырып даярлауды күшейтуді жоспарлап отырмыз», – дейді министр Нұрымбетов.

Әлеуметтанушы Заманбек Данаев бұл кодекс массив тұрғыда да, халық арасындағы шағын бірақ маңызды проблемалар тұрғысында да барынша жетілдіріліп жасалуы керек дейді.

«Министрліктің бұл кодекске ұсыныс жасауға мүмкіндік беріп жатқаны өте эффективті қадам. Себебі әлеуметтік қамсыздандыру мәселелсін халықтан жақсы білетін ешбір адам жоқ. Құжаттан бастап, әлеуметтік төлемдерге дейінгі барлық түйіткілді мәселелер ел ішінде болып жатыр және олардың оңтайландырылуы, ведомствоға жетуі, шешімін табуы аса маңызды. Сол себепті бұл кодекс барынша жан-жақты, барлық ньюансы ойластырылған, барынша жетілген болуы керек. Министрлік ұсыныстардың барлығын назарға алады деген сенімдеміз», - дейді Заманбек Данаев.

Әлеуметтанушы министрліктің барлық әлеуметтік топтарды қамтуының мысалы ретінде Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды медициналық-әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін қолға алып жатқанын атап өтті.

Еске салайық, мемлекет басшысы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдау жасап, онда әлеуметтік қамсыздандыру кодексін дайындауға, әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру жұмысын бастауды тапсырған еді.

Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтарына әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі ұсынылған, олар 17 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттелетін болады. Аталмыш заңнаманы оңтайландыру мақсатында оны министрлік бір Кодекске жинақтайды. Кодекс тұжырымдамасы 2021 жылдың 2-тоқсанында әзірленеді, одан кейін соның негізінде әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің өзі дайындалады. Оған дейін қазақстандықтар өз ұсынысын мына тәсілдермен жаза алады:

Facebook топ 
WhatsApp: +7708-180-35-38
Telegram 
Электрон пошта: expert2020@mail.kz

Massaget