- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлеуметтік желідегі белсенділік....
Әлеуметтік желідегі белсенділік. Неден сақ болу керек?
Әлеуметтік желілер пайда болғаннан бері олардың танымалдылығы жылдан жылға өсіп келеді. Барлық адам бірдей әлеуметтік желілердің біреуіне болсын тіркелген. Мұндай желілердің артықшылықтары бар, ал олардың қаупі жайлы ойланып көрдіңіз бе?
Өзін-өзі бағалауға әсері
Достарыңыздың немесе әріптестеріңіздің кезекті суретін қарап отырып, өмірде сізге қарағанда олардың жолы болды деген ой мазалайды ма? Әлде өмір сүру стиліңізбен мақтану үшін қымбат сусындармен әдемі жерлерде отырған суретіңізді жариялағыңыз келе ме? Бұлар төмен өзін-өзі бағалаудың белгісі болуы мүмкін. Көпшілік адам әлеуметтік желілердегі басқалардың өмірін бақылау кезінде өздерін әдемі сезінбейді және өмірде маңызды еш нәрсеге жетпегендей күйде болады.
Әлеуметтік желідегі біз күнде қарайтын мінсіз өмірді көрсететін әдемі суреттер өзімізді басқалармен салыстыруға итермелейді. Сондықтан да әлеуметтік желіге жұмсайтын уақытыңызды шектеңіз. Сондай-ақ әлеуметтік желіде адамдар өз өмірін асыра әдемілетіп көрсетуге бейім екенін түсініңіз. Әдемі жұптың мінсіз суретінің артында өзара проблемалар мен келіспеушіліктер тұруы мүмкін. Сондықтан өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз.
Өзіне сенімсіз әйелдің 5 белгісі
Жағымсыз жаңалықтар ағыны
Әлеуметтік желілерде алдымыздан жағымсыз ақпараттар толып шығады: катаклизмдер, өлімге әкелетін аурумен күрес, біреудің өлімі және т.б. Мұндай жаңалықтарды көрген сайын сіздің көңіл күйіңіз түсе береді. Бұл бара-бара күйзеліске әкелуі мүмкін. Бұл да әлеуметтік желіде аз уақыт өткізуге себеп.
Ауыр жұмыс күнінен кейін демалғыңыз келсе, ұялы телефонда әлеуметтік желіні ақтарудың орнына ваннаға жатыңыз немесе қызықты фильм қараңыз. Сондай-ақ өз-өзіңізбен жұмыс жасаңыз. Әр жағымсыз жаңалықты жүрегіңізге жақын қабылдамауды үйреніңіз. Әрине, бұл мүлдем жаңалық оқымаңыз деген сөз емес, бірақ олардың өміріңізге әсерін азайтуға болады.
FOMO синдромы
FOMO синдромы жайлы естідіңіз бе? Бұл қызықты оқиғаны немесе қандай да бір мүмкіндікті жіберіп алудан қорқу. Егер бірден әлеуметтік желіге кіріп тексермесеңіз, қызықты бірдеңені жіберіп алатындай сезімде боласыз. Сол үшін үнемі әлеуметтік желідегі жаңалықтарды жаңартып тексеріп отырасыз. Бұл синдром әлеуметтік желіде көп уақыт отыратын адамдарда пайда болады.
Сондықтан әлеуметтік желіге арнайтын уақытты шектеңіз және нағыз өмір экраннан тыс жерде екенін түсініңіз.
Ұйқысыздық
Барлық адам дерлік ұйықтар алдында әлеуметтік желіге кіріп, жаңалықтарды бір қарап шығады. Одан ұзаққа дейін шыға алмайтындар да бар. Ұялы телефонды тастаса, ұйқысы келмейді де, оны қайтадан қолына алады. Себебі гаджет экранының жарығы ұйқы гормоны - мелатонин бөлінуін төмендетеді. Сондықтан сіздің бұл әдетіңіз ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін. Оған қоса, ми өзіне түскен барлық ақпаратты "қорытып" үлгермейді.
Ұйықтарға бір сағат қалғаннан бастап гаджеттерді ұстамаңыз. Оның орнына кітап оқыңыз, балалармен әңгіме айтыңыз және армандаңыз.
Алаяқтық түрлері
Бұрыннан адам көп жиналатын жер - алаяқтар үшін қолайлы орта. Сол секілді алаяқтар жалпы интернетті, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланады. Егер интернет желісін жиі қолданатын болсаңыз, кей сайттар қандай да бір қызметті алу үшін смс-хат жолдауыңызды сұрайды. Мысалы, фильм, кітап, ойын және т.б жазып алу үшін алдымен смс-хат жолдау керек. Оған қоса, мынадай жарнама шыға береді: "Адам нөмірін бізге хатпен жолдап, жабық базадағы ол жайлы ақпаратты біліңіз" немесе "Адамның нөмірін хат арқылы жолдасаңыз, оның хаттарын оқи аласыз" және т.б. Сондай-ақ қандай да бір тест өттіңіз, бірақ оның жауабын алу үшін смс-хат жолдауыңыз керек. Мұның барлығы - алаяқтықтың бір түрі. Бұл алаяқтық түрінің әлеуметтік желімен қандай байланысы бар? Мұндай сайттарға барлық жарнама әлеуметтік желілер арқылы тарайды. Әдетте, смс-хаттың бағасы жоғары болып шығады.
Сонымен қатар, алаяқ сіздің парақшаңызды ұрлап ала алады. Содан соң ол сіз жайлы және достарыңыз жайлы ақпарат алады. Содан соң олар жақын досыңызға немесе танысыңызға қандай да бір сілтемеге өтуін, бірдеңені көшіріп жазып алуды немесе қарызға ақша бере тұруын сұрайды. Экранның арғы жағында отырған адам бұл хатты жіберген сіз бе әлде алаяқ па білмейді де, өтінішті орындайды. Алаяқтықтың түр-түрі бар. Бұл тек кең тараған түрлері.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ұрлықшылар, психикалық ауруы бар адамдар да отырады. Сол үшін әлеуметтік желіде белсенді боламын деп жеке ақпаратты жариялап қоюға болмайды. Адамның әлеуметтік желісі арқылы көп мәлімет алуға болады. Егер атақты жұлдыз немесе блогер болмасаңыз және әлеуметтік желі арқылы ақша табу жоспарыңызда болмаса, парақшаңызды жабық етіп қойған дұрыс.
А. Жапатова