Мария есімді қарағандылық бойжеткен әлеуметтік желіде танысқан жігітінің, оны қалай алдап кеткенін айтып берді. Бұл туралы "Новый Вестник" жазды.
Бойжеткеннің айтуынша, шамамен бір жыл бұрын Instagram желісінде оған әдемі жігіт жазылған, содан кейін екеуі сөйлесе бастаған.
"Бір аптадан кейін біз алғаш рет кездестік. Әдепті, ілтипат көрсетті, әдемі сөйлейтін. Бір-екі айдан кейін бірге тұра бастадық. Айтпақшы, біз жалдамалы үйде тұрдық. Пәтер ақысын өзім төледім", - деді Мария.
Көп ұзамай жас жігіт жұмыстағы проблемалар туралы үнемі айтып, қыздан ақша сұрай бастаған. Дәрі-дәрмекке мұқтаж науқас ана туралы үнемі айтатын болған.
"Жаңа жылдың алдында ол мені қатты қуантқысы келетінін, iPhone-ның кейінгі үлгісін сыйлағысы келетінін, бірақ ақшасы жоқ екенін айтып, жылай бастады. "Мен ештеңеге мұқтаж емеспін" дедім, "Несиеге телефон алайық" деп әйтеуір мені телефон алуға көндірді. Ақшасын төлеймін деп уәде берді", - дейді бойжеткен.
Қарағандылық 30 желтоқсанда күткен "сыйлығын" алған.
"Содан кейін ол: "Мен саған тым болмаса қорғаныс қабы мен әйнегін сатып алып берейін" деп телефонды алып кетіп қалды, мен оны содан кейін көрмедім. Осылайша, мен Жаңа жылда жігітсіз және жаңа телефонсыз қалдым. Есесіне, алынбаған сыйлығыма төлейтін несием қалды", - дейді Мария.
Мерекеден кейін Мария қашып кеткен сүйіктісін іздеген. Ол әлеуметтік желілердің көмегімен жас жігіттің Астанаға көшу туралы жиі айтатынын, ал жаңа жылдан кейін оны көрмегенін айтқан бір-екі таныстарын тапқан.
"Полицияға хабарласу ойыма да келмеді, егер мен өз еркіммен несие алып, телефонды дүкеннен өзім алсам, оны кім іздейді. Жалпы, бұл оқиғаны ұмытуға тырыстым. Бірақ ақпан айында Теміртаудан бір қыз жазды. Ол маған қарағанда сенгіш екен. Оны да алдап, "жұмысқа керек" деген несиеге ноутбук алдырып, қашып кеткен. Содан бері теміртаулық қызбен біз жақсы дос болып кеттік. Бір-бірімізді мерекелерімен құттықтап, кейде хат жазысып тұрамыз", - деп сөзін аяқтады Мария.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кімдер алаяқтарға жиі тап болатынын жазған едік.