“Әлеуметтік желіде отыратын уақытым жоқ“ - Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бұған дейін дау тудырған оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған дейін Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері әлеуметтік желіде басшылықтың әрекетіне шағымданды.

Facebook желісіндегі жазбаға сүйенсек, қызметкерлер орталықтың әлеуметтік желідегі жазбаларына лайк баспаса, жазбаша сөгіс, сондай-ақ, ауызша ескерту алады екен. Ал кейінірек Шымкент әкімдігі өкілдері бұл дауды "ішкі мәселе" деп атады.

Әкімнің пікірі

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ-да өткен брифингте бұл мәселе шешілгенін айтты.

"PR, лайк дегенмен айналыспаймын. Instagram, Facebook желілерінде ресми парақшаларым бар. Ашығын айтқанда, оны баспасөз қызметі жүргізеді. Маған керек жерлерін жолдап отырады. Көрсете аламын, менде әлеуметтік желілер жоқ, себебі уақытым жоқ. Telegram-нан жаңалық оқитыным бар. Одан басқа ештеңе жоқ. Лайк баспа, басу деген біздің дәрежемізден төмен деп санаймын. Оған келіспеймін. Ішкі мәселелері болған. Қызметкерлер арасында бір-бірімен жұмыс барысында келіспеушілік болған шығар. Мәселе орнына қойылды. Ондай жағдай болған. Ол кісімен тиісті сұхбат болды", - деді әкім. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз