Әлеуметтік желіні мүлде қолданбау адамның өмір сапасын жақсарта бермейді. Ал оны шамадан тыс пайдалану ашу, жалғыздық пен күйзеліс сезімін күшейтуі мүмкін. Gallup ұйымының 97 елде жүргізген зерттеуі осындай нәтиже көрсетті, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Зерттеу барысында мамандар әлеуметтік желіні пайдалану деңгейін үш топқа бөлген:
Сауалнама нәтижесінде әлеуметтік желіні қалыпты мөлшерде қолданатын адамдардың әл-ауқат көрсеткіштері бірқатар бағыт бойынша жоғары болғаны анықталды. Олар әлеуметтік желіде ұзақ отыратындарға қарағанда жағымсыз эмоцияларды сирек сезінген.
Ұзақ отыру қандай сезімдермен байланысты?
Әлеуметтік желіні күніне екі сағаттан артық пайдаланатын адамдар арасында ашу, жалғыздық, мұң, күйзеліс және алаңдаушылық сезімі жиірек кездескен. Сондай-ақ олар өзіне құрметпен қарайтынын сирек айтқан.
Алайда зерттеушілер әлеуметтік желіде өткізілген уақыт артқан сайын адамның өмірге қанағаттану деңгейі міндетті түрде төмендей береді деген қорытындыға келген жоқ. Көп жағдайда орташа және жоғары деңгейде қолданатын адамдардың өмірін бағалау көрсеткіштері арасында елеулі айырмашылық болмаған.
Бұған қоса, әлеуметтік желіні мүлде қолданбайтын немесе өте сирек пайдаланатын адамдардың да кей көрсеткіштері төмен болған. Олар күнделікті өмірден ләззат алу, күлу, жақсы демалу және өзіне құрметпен қарайтынын сезіну туралы сирек айтқан.
Жастар әлеуметтік желіде көбірек отырады
Зерттеу бойынша, 15 пен 29 жас аралығындағы адамдардың 47 пайызы әлеуметтік желіні күніне кемінде екі сағат пайдаланады. Бұл көрсеткіш 30–49 жастағылар арасында – 28 пайыз, ал 50 жастан асқандар арасында 12 пайыз болған.
Әлеуметтік желіні көп қолдану барлық жас тобында ашу мен мұң сезімінің жиілеуімен байланысты екені байқалған. Ал жастар арасында бұған қоса стресс деңгейінің жоғарылауы және жаңа нәрсе үйрену көрсеткішінің төмендеуі тіркелген.
Елдің тұрмыс деңгейі де әсер етеді
Жоғары табысты мемлекеттерде әлеуметтік желіні ұзақ пайдалану өмірге қанағаттану деңгейінің төмен болуымен байланысты болған. Ал табысы төмен және орташа елдерде мұндай айқын айырмашылық анықталмаған.
Мысалы, АҚШ-та әлеуметтік желіні көп қолданатын адамдар өз өмірін орташа деңгейде пайдаланатындарға қарағанда 10 балдық жүйе бойынша шамамен 0,3 балға төмен бағалаған. Германия мен Ұлыбританияда мұндай елеулі айырмашылық байқалмаған.
Негізгі қорытынды қандай?
Зерттеу авторлары әлеуметтік желі мен адамның әл-ауқаты арасындағы байланысты біржақты бағалауға болмайтынын атап өтті. Нәтижелерге адамның жасы, табысы, денсаулығы, әлеуметтік қолдауы және тұратын елі секілді көптеген фактор әсер етеді.
Сондай-ақ зерттеу әлеуметтік желінің адамның көңіл күйіне тікелей себеп болатынын дәлелдемейді. Мамандар қолданушылардың қандай платформаларға кіретінін және онда қандай контент көретінін зерттемеген.
Дегенмен деректер әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдаланудан гөрі, күніне 30 минуттан 2 сағатқа дейін шектеу әл-ауқат тұрғысынан тиімдірек болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз