- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлеуметтік желі арқылы...
Әлеуметтік желі арқылы тауар сататын болсаңыз, салық төлеуге міндеттісіз бе?
Қазір әлеуметтік желі арқылы тауарын сатып, қызмет көрсететін шағын бизнес түрі көбейген. Заң бойынша азамат кез келген жеке меншік бизнес үшін салық төлеуге міндетті. Дегенмен барлығы бірдей заңға бағына бермейді. Massaget.kz тілшісі шағын бизнес иесі қандай жағдайда жауапқа тартылуы мүмкін екенін анықтап көрді.
Ең алдымен, сізге бизнес ашқаныңыз туралы мемлекетті хабардар ету қажет пе, жоқ па түсініп алу керек. Кейбір қызмет түрлері үшін лицензия немесе арнайы рұқсат алу қажет, ал басқаларына құзыретті органға хабарлама жіберу жеткілікті.
Егер нақты қызметті мемлекеттен рұқсат алмай немесе хабарлама жібермей бастасаңыз, заң талап еткен жағдайларда сізге айыппұл салынады. Бұл Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы заңның 463-бабында "тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi жүзеге асыру" көзделген.
Яғни шағын бизнеске - 25 АЕК (2023 жылы 86 250 теңге, 1 АЕК = 3 450 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады және мүлік тәркіленуі мүмкін. Заңды бір жыл ішінде қайта бұзғаны үшін шағын бизнеске салынатын айыппұл 50 АЕК (172 500 теңге)мөлшерінде және мүлік міндетті түрде тәркіледі.
Қалай айыппұл салынудың алдын алуға болады?
"Рұқсаттар және хабарламалар туралы" ҚР заңын ашып, сіз айналысатын қызмет тиісті тізімде бар не жоқ екенін тексеріңіз.
- 1-қосымшада - лицензия алу керек;
- 2-қосымшада - рұқсат алу керек;
- 3-қосымшада - хабарлама жіберу керек.
Мысалы, дәріхана ашқыңыз келсе, фармацевтикалық қызметке лицензия қажет. Шетел азаматын жұмысқа жалдағыңыз келсе, шетелдікті жұмысқа тартуға рұқсат алу керек. Балабақша ашқыңыз келсе, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы қызметтің басталуы туралы хабарлама жіберуіңіз керек.
Ал егер Желі арқылы белгілі бір зат сататын болсаңыз ше?
Бұл сұраққа жауап алу үшін тілші адвокаттың көмегіне жүгінді. Маман мәліметінше, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабына сәйкес, дара кәсіпкер ретінде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге мынадай шарттардың бiрiне сай келетiн жеке тұлғалар жатады:
- жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланса;
- жеке кәсiпкерлiктен республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшерiнен асатын мөлшерде ҚР салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық кірісі болады.
Бұл 2023 жылы 840 000 теңге.
Яғни биыл ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңге, оның 12 еселенген мөлшері 840 000 теңге. Егер сіз жалдамалы жұмыскердің еңбегін пайдаланбасаңыз, бірақ жылдық табысыңыз 840 000 теңгеден асатын болса, онда сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттісіз.
Адвокат Альбина Бахтиярқызының айтуынша, егер азамат өзінің дара кәсіпкер екенін мемлекеттік тіркеу мерзімін бұзса, айыппұл салынады.
"Дара кәсіпкер негіздеріне сай келіп, тіркелмейтін болса немесе тіркелу мерзімін бұзатын болса, онда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 269-бабы бойынша жауапқа тартылады. Заң бір рет бұзылса, ескерту жасалынады. Бір жыл ішінде қайталанып бұзылса, жеке тұлғаға - 8 АЕК (27 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады", - дейді Албина Бахтиярқызы.
Жалдамалы жұмыскердің еңбегін пайдалану
Сонымен қатар, жалдамалы жұмыскердің еңбегін пайдаланатын әрбір жұмыс беруші заң бойынша оларды жазатайым оқиғадан сақтандыруға міндетті.
Егер сақтандыру уақытында жасалмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 230-бабына сәйкес, шағын бизнеске 160 АЕК (552 000 теңге) айыппұл салынады.
Заңбұзушылықтың алдын алу үшін сіз бизнесті тіркеген айдан кейін 10 айдан кешіктірмей, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу қажет. Мұны мейлінше ертерек жасаған абзал. Нарықтағы кез келген тиісті сақтандыру компаниясын таңдап, оған кемінде 42 500 төлеу қажет.
Жұмыс орнының мекенжайын ауыстырып, бұл туралы құзыретті органды хабардар ету
Заң бойынша, егер коммерциялық заңды тұлғаның орналасқан жері өзгерген болса, басшы жаңа мекенжай туралы хабарлауға міндетті. Мекенжайын өзгерту туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзім беріледі. Уақытылы хабарламасаңыз, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 466-бабында сізге ескерту немесе 5 АЕК (17 250 теңге) айыппұл қарастырылған.
Алдын алу. Сізге көрсетілген мерзімде халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жаңа мекенжайға құқығыныңызды растайтын құжатты қосып, арнайы хабарлама беру керек. Хабарламаны басшы да, сенімхаты болса, басқа тұлға да бере алады.
Қызметкерлер еңбек шартынсыз жұмыс істейді
Қызметкерлер еңбек шартынсыз жұмыс жасағанда, салынуы мүмкін айыппұлдың көлемі өте үлкен екенін бәрі біле бермейді. Егер қызметкер рәсімсіз еңбек етсе, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 86-бабы бойынша жұмыс беруші шағын бизнес болса, 60 АЕК (207 000 теңге) айыппұл салынады. Заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса - 80 АЕК (276 000 теңге).
Ал бейресми қызметкер кәмелетке толмаған болса, айыппұл 80 АЕК (276 000 теңге), қайталап бұзылған жағдайда - 150 АЕК (517 500 теңге).
Алдын алу. Еңбек шартын уақытылы, яғни қызметкер жұмысқа шыққанға дейін немесе сол күні жасалуы керек.
Айта кетейік, бұған дейін шағын бизнес бастаушыларға кеңес туралы хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ақша үнемдеудің қандай жолдары бар?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә