- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлеуметтік жәрдемақылар автоматты...
Әлеуметтік жәрдемақылар автоматты түрде тағайындалады
Әлеуметтік саладағы жәрдемақылар мен төлемақылар сандық форматқа өтіп, оны тағайындау жолы жеңілдетілмек. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жолдарын цифрландыруды тапсырған. Қазіргі уақытта әлеуметтік және еңбек саласында халыққа көрсетілетін 44 қызмет түрінің 38-і электрондық форматқа ауысқан. Оның ішінде 18-і проактивті түрде, яғни, азаматтың өтінішінсіз автоматты түрде тағайындалатын қызмет пен төлем.
"Осы жылдың соңына дейін әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электрондық форматқа көшіріледі. Ал 2022 жылы көрсеткіш 93%-ға дейін жеткізілмек", – дейді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік қызметтердің көпшілігі автоматты түрде тағайындалуы не көрсетілуі тиіс. Министрліктің цифрландыру саласында ұстанған ұстанымы – осы.
Проактивті қызмет дегеніміз – азаматқа көрсетілетін қызметтің не төлемақы, жәрдемақы, зейнетақының автоматты жүйемен орындалуы. Яғни, азаматқа жәрдемақы алу үшін құжат жинап, мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Әрі уәкілетті органдардың қызметкерлері де азаматтармен ашық байланысқа түспейді. Сандық жүйе жәрдемақыны өзі тағайындап, азаматтың өтінішін ғана алады.
Мәселен, бұрын көпбалалы аналар жәрдемақы алу үшін қағаз құжаттарын жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінетін, енді арнайы жүйе арқылы өтініш берсе жеткілікті. Цифрландырылған платформа азаматтың жеке мәліметтері мен баланың туылуы, саны жайлы деректерді өзге органдардың ақпараттық жүйелерінен проактивті түрде алып, өзі талдау жасайды.
Сол мәліметтердің негізінде өтініш берген азаматқа жәрдемақы тағайындалып, ұялы телефонынан SMS-хабарлама жіберіледі.
Сондай-ақ проактивті тағайындалған жәрдемақылар мен төлемақыларды беретін бөлек ID-карталар немесе сандық әлеуметтік әмияндар болады. Ол да азаматтың ЖСН-і арқылы автоматты түрде ашылып, банк картасы түрінде тұрғынның өзіне беріледі.
Ал еңбек пен жұмыспен қамту саласында іске қосылған жоба – Электрондық еңбек биржасы.
Министрдің айтуынша, бұл портал да автоматты жүйеге айналып, жұмыссыздар төлем беру туралы шешімді "өзі" шығарады.
"Жұмыспен қамту, жұмыс орындары, жұмыссыздарға берілетін төлем сынды шаралардың барлығы Электронды еңбек биржасында жүзеге асырылады. Портал жұмыс істеп жүргендерге өзі "Еңбек" бағдарламасының мүмкіндіктері мен құралдарын ұсынады немесе вакансия тауып беруге көмектеседі. Ал шешімді жүйе өзі автоматты түрде қабылдайды. Жұмыс таба алмағандарды жүйе өзі анықтап, әлеуметтік төлемді тағайындайды", – деп түсіндірді министр.
Аталмыш платформа жұмыспен қамту орталығының "сандық" формасына айналмақ.
Сондай-ақ, мүгедек жандарға мүгедектік беру мен белгілеу де цифрлық жүйеге көшірілмек. Енді емханаға, медициналық сараптама орталығына барып, құжат жинаудың қажеті жоқ. Қызмет толық автоматты режімге көшкеннен кейін мұндай азаматтар тек емханаға барып қана тексеріліп, сол жерден өтініш берсе болады.
Мұндай ауқымды сандық кеңістік құру құжат министрлік азаматтардың құжаттарын цифрландыруды, мемлекеттік органдардың бір-бірімен ортақ сандық байланысын күшейтуді қолға алуда.
Ал осы жылдың соңына таман зейнеткерлердің, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, жұмыссыздар мен көпбалалы аналардың, мигранттар мен қандастардың құжаттары "сандық" форматқа көшіріліп бітеді, оларды "Электронды үкімет" мобильді қосымшасынан көруге болады.
Қ. Слямбек