Әлемнің ең сұлу аруы атанды: тәж Доминикан Республикасына бұйырды

Вьетнамның Нячанг қаласында 73-ші халықаралық "Әлем аруы" сұлулық байқауының ақтық сыны өтті. Бас жүлдені Доминикан Республикасынан келген 24 жастағы Джохейри Мола иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі байқаудың ресми сайтына сілтеме жасап.

Екінші орын мен бірінші вице-мисс атағы Испания өкілі Элисабет Рейнеске бұйырды. Ал үшінші орынды Малайзиядан келген Таанусия Чети иеленді.

"Әлем аруы" туралы не белгілі?

Жаңа "Әлем аруы" - педагог, журналист әрі қоғам белсендісі. Мола әдебиет пен қоғамтанудан сабақ береді. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балаларына ағылшын тілін үйренуге көмектесетін Voices of Tomorrow қайырымдылық жобасын басқарады.

Бұл - Доминикан Республикасының "Әлем аруы" байқауындағы екінші жеңісі. Бұған дейін ел өкілі бұл атақты 1982 жылы иеленген. Жаңа жеңімпазға тәжді былтырғы "Әлем аруы", Таиланд өкілі Опал Сучата Чуангсри табыстады.

Бас жүлде үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген 111 ару бақ сынады. Шоу теңіз жағасындағы ұзындығы 110 метр болатын ашық сахнада өтті.

"Әлем аруы – 2026" байқауына қатысушылар бұл жолы кәдімгі кешкі көйлектермен ғана шектелмеді. Бірі қауырсынмен көмкерілген образбен шықса, енді бірі көйлегін гүл бейнесінде безендірді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!