Әлемнің бірінші ракеткасы қазақтың қандай ұлттық тағамдарын ұнататынын айтты

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қазақтың ұлттық тағамдары туралы айтып, бесбармақты ерекше ұнататынын жеткізді. Теннисші Алматыға келген сайын өзін үйіндегідей сезінетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық спортшы қаланың климаты ұнайтынын және Алматыда достары көп екенін атап өтті.

"Маған Алматының климаты өте ұнайды. Мұнда достарым көп, сондықтан Алматыға келген сайын өзімді үйдегідей сезінемін. Ұлттық тағамдардың көбін жақсы көремін, әсіресе бесбармақ пен тәттілерді ұнатамын", – деді Рыбакина.

Рыбакина Алматыда балалармен теннис ойнады

Елена Рыбакина елге сапары аясында Алматыдағы "Алатау" теннис орталығында балаларға шеберлік сабағын өткізді. Жас спортшылар әлемнің бірінші ракеткасымен бір кортта ойнап, кәсіби тәжірибесінен сабақ алды.

"Балалармен бірге осылай уақыт өткізу – керемет мүмкіндік. Кортта өз тәжірибеммен бөлісу маған үлкен қуаныш сыйлайды. Тенниске қызығатын балалардың көп екенін көру өте жағымды. Шеберлік сабағына қатысушылардың арасында жасы өте кіші болса да, ойын шеберлігімен көзге түскен балалар болды", – деді теннисші.

Іс-шара соңында спортшы балаларға естелік қолтаңба беріп, олармен бірге суретке түсті.

Рыбакинаның алдағы мақсаты қандай?

Баспасөз мәслихатында спортшы алдағы жоспарлары мен Олимпиада ойындарына дайындығы туралы да айтты.

"Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндіктерін қарастырамыз. Әзірге турнирлік күнтізбенің қалай қалыптасатынын айту қиын. Ең алдымен денсаулығыма мән береміз. Басты мақсат – ірі турнирлерде өнер көрсету және алдағы Олимпиада ойындарына дайындалу", – деді Рыбакина.

Айта кетейік, 2026 жыл Елена Рыбакина үшін тарихи жетістіктерге толы болды. Қазақстандық теннисші төрт турнирде топ жарып, оның ішінде "Үлкен дулыға" санатындағы Аустралия мен АҚШ-тың ашық чемпионаттарында жеңіске жетті. Сондай-ақ, спортшы кәсіби мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің көшін бастап, маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!