Мектептегі әлімжеттік қалыпты жағдайға айналып барады. Тіпті дамыған АҚШ-тың өзінде баланы ұрып оқытатындар бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz телеарнасына сілтеме жасап.
Енді мұндағы Иллинойс штатында биылдан бастап мектепте оқушыларды ұрып-соғуға тыйым салынады. Заң келер жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сөйтіп, Иллинойс штаты АҚШ-та балаларды ұрмай оқытатын бесінші штат болмақ.
ЮНИСЕФ Балалар қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, дүниежүзінде ересектер тарапынан қатыгездік, зорлық-зомбылық көріп жүрген бүлдіршіндердің саны миллионнан асады.
Баланы ұрып-соғуға халықаралық деңгейде тыйым салынған. Алайда бұған бағынбайтын елдер көп.
АҚШ-та баланы ұрып-соғу – жазалаудың кең тараған түрі. Балаларды жазалауға тыйым салу туралы федералды заң жоқ. Дегенмен 31 штатта тыйым салу актілері бар, ал 17 штатта балаларды жазалау қалыпты жайт. Колумбия университетінде жүргізілген зерттеу нәтижелері ересектерден зәбір көрген балалардың когнитивті дамуында болашақта қиындықтар туындайтынын көрсетті. Әкелердің 30%-ға жуығы, ал аналардың 50%-ы балаларын 5 жас шамасында ұрғандарын айтқан. 5 жасында әке-шешесінен таяқ жеген балалар 9 жасында сөздік қорын тексеруге арналған тестілерді тапсырғанда қатты қиналады. Оған қоса, құрдастарымен салыстырғанда бұл балаларда эмоция күштірек.
"Біздің бағалауымыз бойынша әрбір екінші америкалық бала әлімжеттікке ұшырайды. Бұл жағдай көбіне білімі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасыларда кездеседі. Ұру сол сәтте мінез-құлықты өзгерте алады, бірақ бұл ұзақ мерзімді перспективада пайдасыз".
Біріккен ұлттар ұйымының 1989 жылы қабылдаған Бала құқығы туралы конвенциясы бар. Онда ата-аналардың немесе басқа қамқоршылардың балаларға физикалық зорлық-зомбылық жасауына тыйым салынған. АҚШ пен Сомалиден, басқа БҰҰ-ның барлық мүшелері ратификациялады. XXI ғасырдың басында 100-ден астам ел мектептерде балаларға дене жазасына тыйым салды. Польша 1783 жылы оқушыларға қатысты жазалау шараларынан бас тартты. Артынша Нидерланд, Италия, Швеция, Германия, Испания, Грекия балаларды ұрып-соғуға заңмен тыйым салды.
Польша – 1783 жылы, Нидерланд – 1920 жылы, Италия – 1928 жылы, Швеция – 1979 жылы, Германия – 1983 жылы, Испания – 1985 жылы, Грекия – 1998 жылы.
АҚШ-пен қоса әлемнің 62 елінде мектепте оқушыны ұрып оқытады. Бұл - 793 миллион бала мұғалімнен таяқ жейді деген сөз. Мәселен, Сингапурде тәртіпке бағынбаған оқушыны үкімет тарапынан жазалау бар. Мұғалімі емес, оқу орнының басшысы ресми түрде оқушыны теріс қылығы үшін бөксеге дейін қамшымен 6 рет ұрады. Бұлай жазалау Үндістанда да бар. Ал Оңтүстік Кореяда оқушыларды таяқпен тәрбиелеуге рұқсат беріп қана қоймай, оны қалай және қаншалықты жақсы ұру керектігін үйретеді. Диаметрі 1,5 сантиметрден аспайтын таяқшамен, 10 рет бөкседен, жамбасынан ұрады. Ұл ма, қыз ба қарамайды. Ал Малайзияда көбіне ұл балалар тәртіп бұзғаны үшін таяқ жейді. Сондай-ақ Египет, Сирия сияқты Таяу Шығыс елдерінде де бұл жағдай қалыпты.
"Кішігірім стресс алған адамның ағзасы стресс салдарынан 10 күнде айығады. Ал балада ол үш аптадан артық уақытқа созылады. Яғни балаға бір рет айқайлап ұрсудың салдарын бала ағзасы үш апта бойы «арқалап» жүреді. Тіпті өмір бойына ұласуы мүмкін. Бала күнгі жағдайлардың ересек өмірге қатты әсер ететіні содан".
Ресми мәліметке сәйкес, жыл сайын шамамен 115 миллион бала мектепте физикалық, психологиялық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. «Үнемі ұрып-соғу арқылы тәрбиеленген бала өз қатарластарынан физикалық және әлеуметтік тұрғыда кеш жетіледі». - дейді мамандар. Психоэмоционалдық қысым салдарынан баланың ұйқысы бұзылып, тәбеті қашады, тіпті тілінде мүкістік пайда болуы мүмкін. Есте сақтау қабілеті төмендеп, жасына лайық қызығушылығы азаяды. Мысалы, басқа балалармен бірігіп ойнауға зауқы соқпауы мүмкін. Бала бойындағы осындай депрессия ұлғая келе мінез ерекшелігіне қарай агрессиялық әрекеттерге әкелуі мүмкін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!