Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды. Биылғы сьездің басты ұраны Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында деп аталады. Кезекті алқалы жиынға көрнекті діни қайраткерлер мен беделі биік саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып, қазіргі таңдағы аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасатын болады. Алқалы жиынның ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған хор бейбітшіліктің белгісі саналатын Ақ көгершін әнін орындады. Биылғы съезге саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда. Бейбітшілік және келісім сарайында басталған VI сьезд Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалығымен өтуде. - Құрметті Сербия Республикасының президенті, сьездке келген қонақтар мен қатысушылар, съезді шақыру және оның жұмысына, біздің бастамамызды қолдау білдірген халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлерге, сарапшыларға зор ризашылығымды білдіргім келеді. Осында алғашқы сьезд өткеніне де 15 жылдың жүзі болды. Осыған дейін қатысып келген өкілдерді, жаңа қатысушыларды көргеніме өте қуаныштымын, - деді Елбасы. Президент Астанада әлемдік маңызға ие көптеген мәселелердің түйткілдері шешілгенін де айта кетті. - Астана биыл 20 жылдығына атап өтуде. Елордамыз келісім мен ынтымақтастықтың мекеніне айналды. Өткен съезден кейінгі үш жылдың ішінде Қазақстан астанасында жаһандық деңгейдегі маңызды іс-шаралар өтті. Елордада қабылданған шешімдер халықаралық маңызға ие болды. Өйткені олар бітімгершілік, әріптестік, толеранттылық, шығармашылыққа мақсатта еді. Осының барлығы өте маңызды. Өйткені әлем өкінішке қарай, қазір турбуленттік жай-күйде. Қазір бізді, саясаткерлерді, діни қайраткерлерді санкциялық қақтығыстар, дінаралық және діндер ішіндегі қарама-қайшылықтар, сауда майдандары, қоршаған ортаның ластануы алаңдатып отыр, - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. VI съезд Дін көсбасшылары қауіпсіз әлем үшін атты жалпы тақырып аясында Манифест Әлем. ХХІ ғасыр жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде, Геосаясаттағы өзгермелі дін: адамзаттың бірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер, Дін және жаһандану: сын-тегеуріндері және шешімдері, Экстермизммен терроризмді еңсерудегі дін лидерлері мен саяси қайраткерлері атты төрт негізгі бағыт бойынша өткізіледі. Съездің мәртебелі мейманы - Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич. Сондай-ақ әл-Азһардың Бас имамы Шейх Ахмад ат-Тайеб, ЕҚЫҰ бас хатшысы Томас Гремингер, Аса Қасиетті Патриарх Феофил ІІІ, Аса Мәртебелі Кардинал, Құқықтық мәтіндерді интерпритациялау жөніндегі Папалық кеңестің құрметті төрағасы Франческо Коккопальмерио, Израилдің бас сефард раввині Ицхака Иосиф және т.б. құрметті қонақтар қатарында. 2015 жылы өткен V Съездегі Мемлекет басшысының бастамаларын орындау аясында, іс-шара өтетін күндері Бейбітшілік және Келісім мұражайы ашылады, сондай-ақ, дінаралық диалог пен форум жұмысына белсенді үлес қосқаны үшін Астана халықаралық сыйлығы және Съездің Құрмет грамоталары табысталады. Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте өткен болатын. Съезд 15 жыл ішінде конфессияаралық және дінаралық қатынастар мәселелерін талқылауға арналған беделді халықаралық алаңға айналды.