- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлемдік және дәстүрлі...
Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VI cъезінде қандай тақырыптар талқыланады?
2018 жылғы 10-11 қазан аралығында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі өтеді. Биылғы сьездің басты ұраны "Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында" деп аталады. Кезекті алқалы жиынға көрнекті діни қайраткерлер мен беделі биік саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып, қазіргі таңдағы аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасатын болады.
Отандық сарапшылар әлемдік дін жетекшілерінің басқосуын қазіргі заман тарихындағы айтулы оқиға санатына қосады, - деп хабарлайды ҚР қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. Себебі әлемнің діни көшбасшыларын Астанаға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер диалогының жаһандық үдерісінің дамуында орасан маңызды орын алып үлгерді.
Мәдениет және діндер халықаралық орталығының сарапшысы Марат Құдайбергеннің айтуынша, съезд арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпы ұлттық консенсустың үлгісі және қоғамды біріктіру үлгісін көрсетеді. Біздің еліміз этносаралық және дінаралық келісімді сақтауда бай тәжірибеге ие және осы салада кең және тиімді ынтымақтастыққа дайын екендігін дәлелдеп келе жатқанын алға тартады.
- Елбасының дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықты басшылыққа алып ұтымды жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстан тұрақтылық пен келісімді ұштастырып, дамып келе жатқан алпауыт елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан. Еліміз 140-тан астам этностар мен 18 конфессияның басын бір арнаға тоғыстырып, бейбітшілік пен келісім шаңырағында өмір сүруде. Әрине бұл біздің жемісіміз. Осы тұста Елбасының игі бастамаларының бірегейі ретінде Елордамыз Астанада әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізуге қатысты ұсынысын атауға болады, - дейді М. Құдайберген.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі 3 жылда бір рет ұйымдастырылады. Ең алғаш елімізде 2003 жылы өтті. Тұңғыш рет өткен мерейлі басқосу дүниежүзі халықтары арасында рухани қатынас үрдісін бастады. Бастаманың негізінде Қазақстан халықаралық дәрежеде алғашқылардан болып жауапкершілікті өзіне алып, іс жүзінде әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар жетекшілерінің басын біріктіріп, келіссөздерді ұтымды түрде жүргізумен айналыса бастады.
Съездің негізгі идеясы – әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосатын, дін келіссөзін жүзеге асыратын және келісілген шешімдерді іске асыра отыра, конфессияаралық және ұлтаралық қатынастардағы зорлық пен терроризм әдістеріне қарсы тұратын институт құру болып табылады.
Сарапшы Әлемнің діни көшбасшыларының басын Астанада қосу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер сұхбаттастығының жаһандық үрдісінде маңызды орын алғандығын уақыт көрсетіп отырғандығын баса айтты. Оның пікірінше, дінаралық сұхбаттастықты дамытуға қосқан үлесі арқылы елдің әлемдік қоғамдастықтағы абыройы артты, жаһандық құрылымдарда Қазақстан өзінің ізгі бастамаларымен және экономикасы дамыған, өзара түсіністік пен құрмет негізінде дамып жатқан қоғам ретінде танылды.
Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне 15 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бес съезд ұйымдастырылды. Ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі дін өкілдері қатысты. Олардың арасында сенім мен өзара құрметке негізделген оңтайлы байланыстар біртіндеп нығайып келеді. Елбасының бастамасымен Астана қаласында съездерді өткізу үшін Бейбітшілік және келісім сарайы бой көтерді. Дінаралық саммиттің жұмыс органы мен құрылымы, Съезд Хатшылығы және оның жұмыс тобы – Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды.
Биыл өтетін VI съезд "Дін көсбасшылары қауіпсіз әлем үшін" атты жалпы тақырып аясында "Манифест "Әлем. ХХІ ғасыр" жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде", "Геосаясаттағы өзгермелі дін: адамзаттың бірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер", "Дін және жаһандану: сын-тегеуріндері және шешімдері", "Экстермизммен терроризмді еңсерудегі дін лидерлері мен саяси қайраткерлері" атты төрт негізгі бағыт бойынша өткізіледі.
О. Сансызбай