Әлемдік балет жұлдызы Алматы театрының сахнасында аты аңызға айналған "Кармен-сюита" балетін билейді

Әлемдік балет жұлдызы Алматы театрының сахнасында аты аңызға айналған "Кармен-сюита" балетін билейді
Фото: Диана Вишнева

Мариин театрының прима-балеринасы, РФ халық әртісі, "Алтын маска", "Би Бенуасы", "Алтын софит" беделді театр сыйлықтарының иегері Диана Вишнева аты аңызға айналған "Кармен-сюита" балетімен Алматыда өнер көрсетеді.

2023 жылғы 13-14 мамырда Ballet Globe фестивалі аясында әлемдік балет жұлдызы Алматы театрының сахнасына шығады. Жанды оркестрдің сүйемелдеуімен Диана Вишнева Astana Ballet театрының труппасымен бірге Кармен арудың рөлін сомдайды. Тәкаппар Дон Хосе мен сезім құшағындағы тореадор Эскамильоның рөлдерін Ресейдің Үлкен театрының премьерлері Владислав Лантратов пен Денис Савин сомдайды.

Көрермендер Родион Щедриннің транскрипциясындағы Жорж Бизе операсының музыкасына кубалық хореограф Альберто Алонсо қойған балет жауһарын тамашалай алады. Бұл спектакль Майя Плисецкаяға арнап жасалған, оның тұсаукесері Мәскеудегі Ресейдің Үлкен театрының сахнасында 1967 жылы көрсетілді. Ол балеринаның бетке ұстар басты рөлі болып қана қоймай, сонымен қатар, жалпы алғандағы бүкіл заманауи балеттің даму тарихына елеулі әсер етті. Майя Плисецкая: "Мен тірі тұрғанда, "Кармен" өлмейді!" - дейтін. Бірақ ұлы балерина дүниеден озғаннан кейін де оның Кармені сахнада өмір сүруін жалғастыруда және оны жаңа буын әртістері әлемнің барлық ірі театрларында орындайды. "Кармен-сюитада" өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған әрбір балерина оның алғашқы орындаушысына сый-құрметін білдіргендей болады. Диана Вишнева Кармен партиясының танымал эталондық орындаушыларының қатарына кіреді.

"Ең романтикалық және шешуші спектакльдердің бірі - "Кармен-сюита" біздің қала тұрғындарының назарына қайта ұсынылмақ. Алматы бір кешке әсем де биік би өнері, жанды музыка және сән-салтанат әлеміне бойлайды. Сіздерге арнап заманымыздың ең сұранысқа ие әртістерінің бірі Диана Вишнева өнер көрсетеді. Оның Кармені мінсіз техникасымен және қызу темпераментімен тәнті етіп, бүкіл әлемнің көптеген сахналарында көрермен қошеметіне бөленді. Бұл кеш ұмытылмас әсер қалдырып, естеріңізде ұзақ уақытқа сақталады деп сенеміз", - деп өз ойын бөлісті Ballet Globe фестивалінің негізін қалаушы Ерлан Андағұлов.

Бұдан бөлек, 13 мамырда неоклассикалық хореографияның жауһары болып танылған, Баланчин Америкада қойған "Серенада" балеті ұсынылады. Сырттай қарағанда ықшам болып көрінгенімен, "Серенада" техникалық, музыкалық және стилистикалық тұрғыда өте күрделі.

"Серенада"

14 мамырда Astana Ballet театрының әртістері "Азғын періштелер" балетін қояды, бұл - чех хореографы Иржи Килианның 30 жылдан астам уақыттан бері әлемнің үздік сахналарында қойылып келе жатқан "Ақ-қара балеттер" бағдарламасына енген ең танымал туындыларының бірі. Килианның спектакльдерін өз репертуарына қосу құқығы үшін атақты театрлар өзара жарысса, әрбір биші оның хореографиясын ең болмағанда бір рет орындап көруді армандайды.

"Азғын періштелер" 

Сегіз балеринаның тамаша шарықтауы Иржи Килианның хореографиясы мен Стивен Райхтың барабан композициясының үндестік нәтижесі болды. Хореографтың өзі болса, бұл балет туралы: "Falling Angels - біздің мамандығымыз туралы балет", - дейді. Оның туындысы ерекше саздылығымен, монохромды эстетикасымен және орындаудың әлемдік деңгейімен ерекшеленетінін атап өткен жөн. Килианның балеті - сезімдер құйыны: сыршылдық пен таңғажайып пластика ерекше әсерге бөлейді.

Қазақстанда жыл сайын өтетін Ballet Globe халықаралық фестивалі өзін қазірдің өзінде мәдени өмірдегі ең маңызды шаралардың бірі ретінде танытып отыр. Фестивальдің басты мақсаты - жұртшылықты жоғары классикадан бастап заманауи хореографиялық өнердің бірегей туындыларына дейінгі көп қырлы ғажайып балет әлемімен таныстыру. Ballet Globe V халықаралық би фестивалі Astana Ballet театрымен бірлесе отырып, биылғы көктемнің басты оқиғасын назарларыңызға ұсынады.

Билет сатып алу: https://share.kz/g2UZ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек