“Әлемдік аренада “орта державалар“ бой көрсете бастады“ - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет, сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын.

"Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ. Мемлекеттердің, әсіресе, ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізіп отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр. Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты. Әлемдік аренада "орта державалар" деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастады. Қазақстан да осы санатқа кіреді", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, тұрлаусыз әлемде салыстырмалы түрде жаңа үдеріс белең алған.

"Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамып жатыр. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады", - деді Мемлекет басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!