Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы Binance 6,3 миллиард доллар көлеміндегі активтерге әсер етуі мүмкін хакерлік шабуыл туралы хабарлады. Компания қаражат енгізу мен шығаруды уақытша тоқтатып, пайдаланушылардың барлық шығынын өтейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Хакерлік шабуыл туралы алғашқы ақпарат 29 қазанда пайда болды. Бұқаралық ақпарат құралдары белгісіз криптоәмиянға шамамен 3,5 миллиард доллар аударылғанын жазды. Кейбір мамандар күмәнді операциялардың жалпы көлемі бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтты.
Осы хабарламалардан кейін криптовалюта эмитенттері оқиғаға қатысы болуы ықтимал активтерді бұғаттай бастады.
Binance не мәлімдеді?
Binance оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Компанияның алдын ала дерегіне сәйкес, қауіпсіздік жүйесіндегі ақау бағдарламашы-инженердің ноутбугінің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін.
«Binance жүргізген алдын ала тергеу нәтижесі бойынша, қауіпсіздікке қатысты оқиға бағдарламашы-инженер ноутбугінің бұзылуынан болуы ықтимал», – делінген хабарламада.
Болжам бойынша, шабуылдаушы сервистік контейнерге кіріп, қаражатты шығаруға арналған рұқсатсыз транзакциялар жасаған.
Компания криптоәмияндардың жабық кілттері сыртқа шыққанын дәлелдейтін белгілер анықталмағанын атап өтті. Binance тергеу аяқталып, оқиғаның барлық мән-жайы тексерілгеннен кейін толық техникалық есеп жариялауға уәде берді.
Алдын ала есеп бойынша, жалпы шығын шамамен 6,3 миллиард долларды құрайды. Компания серіктестерімен бірлесіп, блокчейндегі 3 миллиард долларға жуық қаражатты бұғаттай алған.
Binance пайдаланушылардың шығынын өтейді
Криптобиржа барлық шығынды SAFU қоры мен компанияның өз қаражаты есебінен өтейтінін мәлімдеді. Binance өкілдері пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз жерде сақталғанын да айтты.
Қауіпсіздікті тексеру кезінде алдын алу шарасы ретінде платформа қаражат енгізу мен шығаруды уақытша тоқтатты. Сондай-ақ компания шабуылға қатысы бар мекенжайды пайдалану рұқсатын кері қайтарып, активтерді іздеу және қайтару үшін құқық қорғау органдары мен блокчейн сарапшыларын жұмылдырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз