АҚШ президенті Дональд Трамп Сомалиді "әлемдегі ең нашар ел болуы мүмкін" деп атады. Оның айтуынша, бұл елде "үкімет те, полиция да жоқ", ал тұрғындары "бір-біріне оқ жаудырып жүр", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РБК басылымына сілтеме жасап.
Трамп бұл сөзді Мичиган штатындағы митингіде Демократиялық партия атынан Конгреске сайланған Ильхан Омарды сынаған кезде айтты. Сомалиде дүниеге келген Омар АҚШ Конгресінде Миннесота штатының атынан өкілдік етеді. Трамп оның әрекеттері түрлі мәселеге себеп болып отырғанын мәлімдеді.
"Білесіздер ме, ол Сомалиден шыққан. Бұл әлемдегі ең нашар ел болуы мүмкін. Онда үкімет те, ештеңе де жоқ. Бар бітіретіндері – адам өлтіру. Адамдарды өлтіреді, кемелерге шабуыл жасап, басып алады да, қайтару үшін ақша талап етеді. Шынымды айтсам, олардың осындай әрекетке шамасы жететініне де таңғаламын", – деді Трамп.
Ильхан Омардың отбасы Сомалидегі азаматтық соғыс басталғаннан кейін Кенияға қашып, 1995 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. 2000 жылы Омар Америка азаматтығын алып, 2018 жылы Конгреске сайланған алғашқы мұсылман әйелдердің бірі болды. Ол Трамптың көші-қон саясатын сынап, онымен бірнеше рет текетіреске түскен, ал президент бұған жауап ретінде оны депортациялайтынын айтып қоқан-лоқы көрсеткен.
Трамппен арадағы жаңа жанжал 2026 жылғы қазанда америкалық құқық қорғау органдарының Омардың Вашингтондағы үйіне тінту жүргізуінен кейін өршіді. Бұл шара азаматтық алу кезіндегі иммиграциялық заңнаманы бұзу ықтималдығына қатысты тергеу аясында өткен. АҚШ президенті Омарды азаматтығынан айыру, депортациялау немесе түрмеге жабу мүмкіндігін жоққа шығармады. Конгрессвумен бұл айыптауларды теріске шығарып, тергеуді саяси қуғын-сүргін деп атады.
Қазанның басында Трамп Миннесотаны "сомалилік иммигранттар басып жатыр" деп мәлімдеп, штат халқын "қарсылық көрсетуге" шақырған болатын. Оның айтуынша, бүкіл штатты "зорлық-зомбылық, кісі өлтіру және хаос" жайлаған, ал жергілікті билік халықты "тонап, тағдыр тәлкегіне тастап кеткен". Президент губернатор Тим Уолзды "араласуды қаламайтын", "біліксіз ұры" деп атады.
Бұған дейін, былтыр желтоқсанда АҚШ президенті Сомалиден келген мигранттар Миннесотаны "қиратты" деп мәлімдеп, штаттың "тозақтың түбіне" айналғанын айтқан еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz