- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әлемдегі ең жалғыз...
"Әлемдегі ең жалғыз адам" қайтыс болды
Амазонкада жергілікті тайпалардың бірінің соңғы өкілі өлі табылды. Оның тайпаластары осыдан ондаған жыл бұрын өлтірілген еді. Осы жылдар бойы абориген бүкіл әлемнен оқшауланып, жалғыз өмір сүрді, - деп хабарлайды Daily Mail.
Басылым мәліметінше, 1970-жылдардан бастап, жайылымдық жерлердің иелері жергілікті халықтың жерін басып алу үшін аборигендерге шабуыл жасаған, сол кездерде тайпалар жоғала бастаған. Салдарынан бүкіл тайпадан бір адам ғана аман қалған, ол туралы 1996 жылдан бері белгілі.
Ол сыртқы әлеммен, жалпы адамдармен байланысқа шықпағаны, олардан қашқаны, әкелген сыйлықтарынан бас тартқаны атап өтіледі. Бірде ол FUNAI (Ұлттық үнді қоры) мүшесін садақпен өлтіре жаздаған. Жебе оның өкпесіне тиген, бірақ жәбірленуші аман қалды. Содан бері олар аборигенмен байланыс орнату әрекетін доғарып, оған 8070 гектар аумақта тыныш өмір сүруге мүмкіндік берді. Ер адам садақпен аң аулап, жемістер, жабайы бал жинап, шағын бақша отырғызды.
Бәрі аборигенді "әлемдегі ең жалғыз адам" деп атап кеткен.
Аборигеннің денесі өткен сейсенбіде, 23 тамызда, саман үйінің алдындағы гамактан табылды. Полиция мәліметінше, ер адамның өлімі табиғи себептерден болуы мүмкін. Дегенмен нақтырақ мәліметтер сараптамадан кейін белгілі болады.
"Бұл адамның атын ешкім білмеді, тіпті оның тайпасы туралы да ақпарат жоқтың қасы, оның өлімімен бүкіл бір тайпаның геноциді аяқталды. Өйткені бұл, шынымен де, геноцид болды - жер мен байлыққа аш болған шаруалар бүкіл бір халықты қасақана жойды", - деді зерттеуші және Survival International мүдделерді қорғау қызметінің директоры Фиона Уотсон.
1987 жылдан бері Бразилия үкіметі оқшауланған тайпалық топтармен байланысуға мәжбүрлемеу саясатын ұстанады. Тайпаға қауіп төніп тұрғанда және байланыс оның аман қалуының жалғыз жолы болып көрінгенде ғана ел билігі байланысқа шығады.
Жергілікті халықтар мен оқшауланған топтардың құқығын қорғауға арналған FUNAI ұйымының мәліметі бойынша, қазір Бразилияның Амазонкасында толық оқшауланған және әлеммен байланыс жасамайтын 113 тайпа бар. Олардың кейбірінде санаулы ғана адам қалып, жойылу алдында тұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш