"Әлемде терроризм қаупі күшейді". Сенатор сауда орталықтарында бақылауды күшейтуге шақырды

"Әлемде терроризм қаупі күшейді". Сенатор сауда орталықтарында бақылауды күшейтуге шақырды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сәриев

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстандағы ірі сауда орталықтарында қауіпсіздікті күшейтуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

"Елімізде 7,9 миллион шаршы метр сауда алаңы бар. Бірақ олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді. Сауда-ойын-сауық орталығындағы балалардың ойын бөлмесі екінші қабаттан жоғары емес және эвакуациялық есіктен 20 метрден алыс болмауға тиіс. Өкінішке қарай, көптеген сауда орталығында балалардың ойын аумағы жоғарғы қабатта орналасқан, эвакуация жолы да жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған эвакуация баспалдағында пандус жоқ. Сауда орталықтарында бір қабатта ондаған тамақтану орны орналасқан. Онда тамақ пісіретін қуаты жоғары техника бар. Ол өрт қаупін арттырады", - деді Бибігүл Жексенбай.

Оның айутынша, 2023 жылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 13 978 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Мысалы, өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу деректері мен құлыпталған немесе шынжырмен бекітілген апаттық шығу жолдары, жарамдылық мерзімі өткен өртсөндіргіштердің болуы немесе олардың болмауы, дабыл және өрт сөндіру жүйелерінің бұзылуы сияқты деректер анықталған.

"Осының бәрі бірыңғай заң талабының орындалмайтынын көрсетеді. Сауда орталықтары ғимараттың техникалық жүйесін арнайы алгоритм бойынша басқаруға қабілетті жоғары технологиялық өрт дабылының жүйесімен жабдықталуға тиіс. Бұл барлық адамды белгілі бір уақытта өрттің қаупінен қорғауға және сол арқылы эвакуациялауға мүмкіндік береді", - деді депутат.

Сенатор биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қауіпсіздікті күшейту керек деген пікірде.

"Кейінгі уақытта әлем елдері террористік актілермен бетпе-бет келді. Сондықтан ірі халықаралық спорттық іс-шараларды сәтті өткізудің басты шартының бірі – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Биыл қыркүйекте елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жарысқа әлемнің 100-ден аса елінен 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Спорттық жарыстар мен мәдени іс-шараларға 100 мыңнан аса турист келеді деген жоспар бар. Осындай ірі спорттық іс-шараны өткізу кезінде қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ету үшін салада жинақталған шетелдік және отандық тәжірибені ескеруді, қауіптің алдын алу үшін кешенді ұйымдастыру және құқықтық қолдау көрсетуді талап етеді", - деді Бибігүл Жексенбай.

Ол Үкімет адам көп жиналатын жерде бақылауды күшейту керегін атап өтті.

"Олжас Абайұлы, сауда орталықтарындағы кіре беріс пен жұрт көп жиналатын жерлерде күзетті күшейтудің, қызметкерлермен нұсқама жүргізудің, сондай-ақ, эвакуацияны қамтамасыз ету жүйесінің жұмысын қосымша тестілеу және жаттығу эвакуациясы маңыздылығына назар аударуыңызды сұраймын. Сонымен қатар, жазғы демалыс алдында мектептерде және жоғары оқу орындарында оқушылардың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздік бойынша арнайы оқу жаттығуларын өткізу керек", - деді депутат.

Аяз Есен 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz