Әлемде бестселлер болған "Әй, қыз, көзіңді аш!" кітабы қазақ тіліне аударылды

Алматыда қазақ тіліндегі "Әй, қыз, көзіңді аш!" кітабының тұсаукесері өтті. Кітап авторы – белгілі америкалық жазушы, әйелдердің қоғамдағы проблемаларын халықаралық деңгейде көтеріп жүрген спикер Рейчелл Холлис. Шығарушы – Alqa баспасы.

Аталмыш тұсаукесерге жазушылар, аудармашылар, журналистер және оқырмандар қатысты.

Кітаптың тұсауын жазушылар Думан Анаш пен  Гүлзейнеп Сәдірқызы кесті.

Alqa баспасының бас редакторы Баян Хасанова кітап аударылмастан бұрын мұқият зерттелетінін айтады.

"Кітап аударарда оны зерттейміз, осы кітапты ағылшын тілінде жарыққа шығарған HarperCollins-ті, amazon-ды бақылап отырамыз. Сөйтіп, қажетті шығармаларды іріктеп аламыз. Стереотиптерді біз кішкене күнімізден естіп өстік. Қоғамда қызға "Ұлболсын" деп ат қояды. Ол баланы қорлау. Бұл есім аңшылық заманнан қалған. Аңшылық кезінде ұл аң аулап, отбасыны асырайды деп есептейді. Қазір заман басқа", - дейді Баян Хасанова.

Баспаның бас редакторы қазіргі күндегі қызды қалың малға сатудың өзі стереотип екенін айтады.

"Қыздарды қалыңмалға сатудың өзі стереотип. Ірі қалаларда жұмысқа аларда балаң болса: "сен жұмыстан қала бересің" деп алмай қояды. Адами қасиетке емес, қоғам таңған стереотиптерге сенеді. Сонымен өмір сүреді. Соның кесірінен қыздар арманынан  адасып қалады. "Өйтуге болмайды, бүйтуге болмайды" деп, үлкен нәрселерді армандауға қорқады. Бұл кітап өзін табуға, хаостан арылуға көмектеседі. Автор өзінің өмірінен мысал келтіре отырып, жазады. Әйелдердің мәселесі қоғамда өзекті болып тұр. Қоғамда Glass ceiling деген термин бар. Ол "көрінбейтін кедергі" деп те аталады. Заңда ол туралы ештеңе жоқ. Бірақ баласы бар әйелдерді жұмысқа алмайды. Бұндай көрінбейтін кедергілер көп", - дейді ол.

Мира Сембайқызы осы кітапты ағылшын тілінен аударған. Балалар жазушысы, бірнеше кітаптарды қазақ тіліне тәржімалаған.

"Бану ханым, "Әй, қыз, көзіңды аш!" кітабын ұсынған кезде оқып көрсем, авторы өзім қатарлы келіншек, өзім сияқты көп баланың анасы екен. Қызығып аудардым. Әйелдердің өзіне айтатын 20 өтірігін дәлелдеп, соны жазған екен. Әйел адамның өмірінде хаос көп. Соның арасынан өзіңді табуды, өтірікті мойындап, сонымен күресуді үйретеді. Оны өзінің басынан өткен тәжірибе арқылы жазады. Авторды аударып отырып оның менімен сырласып отырғанын, құрбы боп кеткенін сезінесің. Сол сияқты шығарманы оқыған әрбір әйел осы жайтты бастан өткереді. Туындыны аударып біткенде ішімде бір төңкеріс жүрді. Кітаптағы тәжірибені өмірімде қолдандым. Нәтижелі болды. Сондықтан барлық әйел оқуы тиіс кітап деп ойлаймын", - дейді аудармашы.

Осы баспаның негізін қалаушылардың бірі, идея авторы Бану Дәулетбаева болашақта өзіміздің жазушыларды шет тіліне аудару жоспарымен бөлісті.

Біз бұл баспаны қазақ жазушыларының, оның ішінде замандас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау, дәріптеу мақсатында құрдық. Алдағы уақытта байланыс орнатып отырған баспалар арқылы еліміздің жазушыларының шығармалырын, оның ішінде әйел тақырыбындағы туындыларды ағылшын тіліне тәржімаласақ деген ниетіміз бар. Мысалы, Рейчел Холлиске қаламақысын төлеп, аудару құқығын алдық қой, болашақта біздің де шығармаларды шет елдік баспалар сатып алатындай деңгейге жетсек екен деген арман-мақсатымыз бар. Біздің әдебиетте әйел тақырыбы біршама жазылған. Тек шетелден аударады екенбіз. Бірақ басқа тілге шығармаларымыз сирек тәржімаланып жатады. Мысалы, мына жазушы жас, өзіміз қатарлы. Сол сияқты біздің де жазушы қыздарымыз неге шетелге шықпасқа, олар да қаламақы алуы керек деп ойлаймын", - дейді Бану Дәулетбаева.

Шара барысында журналист, "Тасадағы әйелдер" жобасының авторы Әнел Әмірхан, психоаналитик Сая Бахимова қоғам арасындағы әйелдер мәселесі туралы сөз қозғады. 

Журналист, жазушы Гүлзейнеп Сәдірқызы қазіргі әйелдердің көзі шынымен ашылып келе жатқанын, өз заманында бәрі басқаша болғанын алға тарты. 

Белгілі редактор Назгүл Қожабек болашақта стереотиптен ада қоғамға жетеміз деген үмітін айтты.

Кітап не туралы?

Әйелдердің басым бөлігі – қоғам таңған стереотиптердің құрбаны. "Әйел олай істемеуі керек", "Әйел мынадай болуы керек" деген сияқты бала күнінен санасына сіңген өтіріктермен өмір сүріп келеді. Олар өзінің кім екенін, өмірге не үшін келгенін ұмытып, құндылықтарын шатастырып алған. Қоғамда арманынан адасып, қорқынышпен өмір сүріп жатқан әйел қаншама?!

Рейчел Холлис "Әй, қыз, көзіңді аш" кітабында кез келген әйелдің тіпті ең жақын құрбысына айтуға батылы бармайтын сырын ашады. Әйелдердің өмірін улап келген 20 өтірікті тізіп, оларды мойындаудың, олармен күресудің жолын ойнақы, күлкілі, ең бастысы жүрекке жылы тиер мейірімді оқиғалар арқылы суреттейді.

Айта кетейік, Alqa – 2022 жылы ашылған, әйелдер тақырыбында контент әзірлейтін баспа үйі. Мақсаты – қазақ қыздарына, қазақ әйелдеріне арналған сауатты контент әзірлеу, әйел тақырыбын қозғайтын әлемдік туындыларды қазақ тіліне аударып, оқырманға жеткізу арқылы қоғамды, жас ұрпақты ізгілендіруге үлес қосу.