- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлемде бала туу...
Әлемде бала туу көрсеткіші күрт төмендеп барады
2100 жылға қарай 23 елдің халқы екі есе азаяды деген болжам бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, әсіресе, Италия, Оңтүстік Корея мен Жапонияда халық саны 61 миллионнан 28 миллионға дейін күрт төмендеуі мүмкін. Кейбір елдер отбасыларды балалы болуға ынталандыру үшін қаржылай көмек беруге тырысады. Дегенмен сарапшылар мәселе ақшамен оңай шешілмейтінін, мұндай саясат жеміс бермейтінін алға тартады. Оған әсер ететін жайт көп.
Еуропада туу көрсеткіші жылдан жылға төмендеп барады. 2008 жылдан бері жаңа туған сәби саны 200 мыңға азайған. Яғни, демографиялық құлдырау бар. Былтыр мәселені шешуге Италия үкіметі бала тәрбиесіне деп 1 миллиард еуро бөлген еді. Алайда демографтар бұл шаралар жеткіліксіз екенін айтады.
"Қазірде Еуропа елдері, Қытай, Жапония, Сингапур сияқты бірқатар мемлекет халық санын өсіру үшін түрлі амалды қарастырып әлек. Дегенмен статистикалар оны жоққа шығарады. Әрекет бар, нәтиже жоқ. Себебі өмірге ұрпақ әкелу туралы түсінік әртүрлі. Сол себепті материалдық тұрғыдан қолдау бос әурешілік", - дейді демограф Шиваджи Дас.
Қазір демографияға зиян тигізеді деп жасанды түсік жасатуға тыйым салып жатқан елдер бар. Соның бірі - АҚШ. Биыл мамырдан бастап Флорида штатында жүктіліктің 6 аптасынан кейін түсік жасатуға тыйым салынды. Мәселеге қатысты қоғам пікірі қақ бөлінген. Жалпы мұндай тәжірибені Румыния 1966 жылы қолданып көрді. Жасанды түсік жасатқандар мен дәрігерлер жауапқа тартылып, түрмеге қамалды. Нәтижесі сәтсіз болып, 1989 жылы заң күшін жойды. Өйткені заңсыз әрекеттер белең алып, ана өлімі көбейді. Сол жылдың өзінде, 10 мың жүкті әйел көз жұмған.
"Өкінішке қарай, түсік жасатуға қарсы заңдарды медицина ғылымын түсінбейтін адамдар жазады. Әйел баласын түсік жасатуға негізінен түрлі жайт итермелейді. Сондықтан үзілді-кесілді тыйым салмай, әйел денсаулығын жақсартуға күшті көбірек жұмсау керек деп ойлаймын", - дейді эндокринолог Лия Робертс.
Бала туу көрсеткішін көтере алмай отырған мемлекеттің бірі - Франция. Былтыр 678 000 сәби дүние есігін ашқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7 пайызға аз. Президент Макрон бала күтімі демалысын қысқа, бірақ ыңғайлы мерзімге ауыстыру маңызды екенін айтты. Сондықтан енді ата-ана атанғандар алты айлық демалысқа шыға алады. Жәрдемақы төленетіндіктен, анасымен қоса әкесі де декреттік демалыс алып, нәрестеге бар уақытын арнай алады.
Дегенмен сарапшылар 2050 жылға қарай әлем елдерінің 75 пайызында туу көрсеткіші төмендейтінін айтады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова