Әлемді мойындатқан атыраулық чемпионның ата-анасы демеушілерден көмек сұрады

Әлемді мойындатқан атыраулық чемпионның ата-анасы демеушілерден көмек сұрады
Фото: © chess.com

Зарина Нұрғалиева - жасөспірімдер арасында шахматтан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. Ол Атыраудың ғана емес, Қазақстанның мақтанышына айналған. Алайда спортшының ата-анасы оның кәсіби деңгейде одан әрі өсуі үшін әлемдік деңгейдегі бапкерлердің көмегі қажет екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бала күнінен шахматпен айналысып келе жатқан Зарина бұл спорт түрін тастағысы келмейді. Бірақ қаржы жетіспеушілігі чемпионның әрі қарай дамуына кедергі болып отыр.

Чемпионның әкесі Айболат Нұрғалиевтың айтуынша, Атыраудағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті болған қызына жеті жыл ішінде халықаралық жарыстарға шығуына барынша жағдай жасалған. Халықаралық спорт шебері Жәнібек Аманов жеке дайындаған.

"Бірақ Заринаның кәсіби тұрғыда өсуі үшін бұл жеткіліксіз. Оның әрі қарай өсуі үшін әлемдік деңгейдегі мықты гроссмейстер керек. Олардың еңбекақысы өте жоғары әрі Заринаны халықаралық жарыстарға алып жүру үшін ең болмаса ата-анасының біріне көмек көрсетілсе жақсы болар еді", - дейді Айболат Нұрғалиев.

Атырау облыстық шахмат федерациясының вице президенті Сабырбай Гайсин Зарина Атыраудың ғана емес, Қазақстанның мақтанышы екенін айтты.

"Заринаның болашағы зор. Бірақ кәсіби өсу жолын жалғастыру үшін әлемдік деңгейдегі халықаралық гроссмейстрлердің тәлімгерлігі керек. Олардың еңбекақысын өтеуге мықты демеушілердің көмегі ауадай қажет. Бұған дейін Заринаға №1 спорт мектебі бар мүмкіндікті жасады. Бірақ ол жеткіліксіз", - дейді Сабырбай Гайсин.

Баян Жанұзақова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz