Биыл жазда көптен күткен The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді! Аталмыш фестивальге Өзбекстанның танымал тобы, әлемнің бірқатар елінде өнер көрсеткен ABBOS та қатысады. ABBOS – АҚШ, Франция, Англия, Германия, Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия, Франция сынды елдердегі ірі фестивальдерде өзбек музыкасын шебер орындап, жанкүйерлер жүрегін жаулап алған танымал топ. Олар сонымен бірге дәстүрлі өзбек музыкалық аспаптарын пайдалана отырып, эстрадалық хиттерді де ойнайды. Сондықтан болар бұл топты алматылық жанкүйерлер асыға күтеді.
Бірнеше жыл бойы фестиваль құндылықтарын Алматы қаласының әкімдігі қолдап келеді. Оның бас серіктестері – Magnum Cash & Carry және – Kaspi.kz. Іс-шара Республика сарайының алдындағы Абай алаңында 10-11 маусымда ашық аспан астындағы алаңда өтеді. Бұл күндері синоптиктер де ашық ауа райы болатынын болжап отыр. Кіруі тегін.
ABBOS қандай топ?
ABBOS атауы топтың негізін қалаушы дойрашы Аббос Касимовтыің құрметіне қойылған.
ABBOS 1998 жылы құрылған. Осы жылдар ішінде АҚШ, Франция, Англия, Германия, Египет, Біріккен Араб Әмірліктері, Гонконг, Тайвань және басқа да көптеген елде гастрольдік сапарда болған. Жанкүйерлер өзбек ұлттық әуендерін шебер орындаушыларды ерекше ықыласпен қабылдаған.
Қазір ABBOS-ты Равшан Юнусов басқарады. 2011 жылы ол дойрада ойнауды үйрететін осы аттас мектеп ашқан. Жаңа жетекшімен бірге топтың белсенді гастрольдік сапары артып, олар Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия, Қырғызстан, Тәжікстан, Болгария, Румыния, Англия, Франция және АҚШ-та өткен фестивальдерге қатысқан.
"Ассалаумағалейкүм, құрметті қазақстандық жанкүйерлер! Мен Равшан Юнусов ABBOS тобының жетекшісімін. Бұл топты 1998 жылы Өзбекстанға еңбегі сіңген әртіс Аббос Косимов негізін қалаған. Бүгінде аталмыш топты өзім басқарып келемін. Тобымыз көптеген елде сахнаға шығып және жеке өнер көрсетіп жанкүйерлер ықыласына бөленген. Топта керней, сырнай, дағара, дойра сияқты ұлттық аспаптарымыз бар", - дейді топ жетекшісі.
ABBOS тобы бірнеше жылдан бері The Spirit of Tengri фестиваліне қатысып келеді. Равшан Юнусов әр жылдары қазақстандық жанкүйерлер оларды ерекше қарсы алатынын айтады.
"Мен тобыммен бірге бірнеше жылдан бері The Spirit of Tengri фестиваліне қатысып келемін. Бұл фестивальдің басқалардан ерекшелігі әр елден келген музыканттар өз ұлттық аспаптарында ойнайды. Біздің әрбір өнер көрсеткенімізді жергілікті жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алады", - дейді ол.
Айта кетейік, биыл The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестиваліне 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстандағы ең танымал және адамдар асыға күтетін мәдени оқиғалардың біріне айналды. Сонымен қатар өзінің өзгермейтін құндылықтарын қалыптастырды.
Батыр Қазыбаев (алдыңғы қатарда, ортада) музыканттар және фестиваль ұйымдастырушыларымен бірге
The Spirit of Tengri аясында халықтар мен мәдениеттердің бірігуі – фестивальдің негізін қалаушы Батыр Қазыбаевтың негізгі мақсаты еді. Өкінішке қарай, ол бір жыл бұрын өмірден өтті. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл мерейтой фестивалін жобаның негізін қалаушы – Батыр Қазыбаевқа арнайды.