Сенбіде Оңтүстік Кореяда әлем елдерінің назарын аудартқан сұмдық оқиға болды. Сеулде карантиннен кейін бірінші рет бетпердесіз әрі әлеуметтік шектеулерсіз хэллоуинді тойлауға жиналған жастар қысымнан қайтыс болды. Кейінгі деректер бойынша, 151 адам көз жұмған. Жастар Хэллоуинді тойлауға бас қосқан. Massaget.kz тілшісі Хэллоуин мерекесі қайдан шыққанына, бұл қай елдерде тойланатынына әрі осы мереке кезінде әлемде қандай оқиғалар болғанына шолу жасады.
Halloween мерекесі қайдан шыққан?
Кеше Алматыда да кішкентай балалардың "тәтті немесе қиындық" деп үй-үйді аралап жүргені байқалды. Демек, Хэллоуин Қазақстанда да жастар мен кішкентай балалар арасында танымал екенін аңғаруға болады. Ашық дереккөз мәліметінше, бұл мереке 31 қазанда, яғни бүгін тойланады. Ол Ирландия мен Шотландиядағы көне кельт дәстүрінен басталған. Олардың күнтізбесінде тек екі маусым, яғни қыс пен жаз болған. Кельттер 1 қарашада жаңа жыл тойлаған, ал 31 қазанда тірілер мен өлілер әлемі бірігеді деп сенген. Осы кезде жерге басқа әлем тұрғындары келеді деп ойлаған.
Адамдар зұлым рухтар өздеріне зиян тигізбеуі үшін үйлеріндегі отты сөндіріп, аң терісін киіп, басқа әлемнен келген қонақтарды қорқытқан. Осы күні үй маңында хош иісті тағамдар қою, құрбандық шалу және асқабаққа қасиетті от жағу әдетке айналған. Бұл мереке қазір Батыс Еуропа мен Америкамен қатар, басқа елдерде де жыл сайын тойланып жүр.
Неге асқабақ таңдалған?
Хэллоуиннің басты белгілерінің бірі - асқабақ. Асқабақ егін жинау мезгілі аяқталғанын білдірген әрі зұлым рухты және оны қорқытатын отты бейнелеген. Жарық жанып тұратын асқабақ Jack-o-lanterns деп аталған. Ертеде адамдар мұндай шамдар қайтыс болғандарға тазаруға жол табуға көмектеседі деп сенген.
"Тәтті немесе қиындық"
Ағылшын тілді елдерде және Мексикада Хэллоуин кезінде балалар тәтті сұрайды. Солтүстік Америкада тәтті сұрау шамамен 1920 жылдардың аяғынан басталған. Кейбір үй иелері кіреберіске тәттілерді арнайы қоятын болған.
Кейінгі жылдары бұл тәжірибе Американың барлық дерлік ауданында кездеседі. Сондай-ақ, қазір Канадада, Ұлыбританияда, Ирландияда, Пуэрто-Рикода, сондай-ақ, Мексиканың солтүстік-батысында және орталығында кең тараған.
Әлем тарихында Хэллоуинде болған адамшошырлық оқиғалар
Оңтүстік Кореядағы оқиғадан кейін бұл мереке "қанды Хэллоуин" деп те аталып жатыр. Әлемдік БАҚ пен ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, мұндай оқиғалар бұрын да болғанын байқауға болады.
Осындай оқиғаның бірі - кішкентай қыздың өлімі. Ашық дереккөз мәліметтерінде 1970-жылдары 9 жастағы америкалық Лиза Энн Френч тәтті жинап жүріп, зорлықшының құрбаны болғаны айтылады. Ал оны өлтірген ер адам "Хэллоуин қылмыскері" деп аталған екен.
Желіде Сеулдегі жастардың өліміне улайтын кәмпит себеп болған деген де болжам айтылып жатыр. Интернетте мұндай болжамдар бұрын да айтылғанын байқауға болады. Мәселен, 1970 жылы АҚШ-та кәмпит тарату дәстүрін белгісіз қылмыскерлер қолданғаны туралы ақпарат бар екен. Ашық дереккөз мәліметтері бойынша, сол кезде үш түрлі жерде балалардың өлімі тіркелгені айтылады. Өлімге себеп сыйлық ретінде берілген кәмпиттер болды деген ақпарат та бар. Өйткені олардың бірінде кокаиннің дозасы көп болған екен. Алайда бұл жағдайға кінәлілер табылмаған.
"Хэллоуинде болды" деген оқиғалардың қатарында екі ағайынды баланың өлімі туралы да ақпарат бар. 1990-жылдары ағалы-інілі Одомдар ата-анасын қорқытқысы келіп, асылып тұрып, тұншығып қайтыс болған.
Ал 2018 жылы Қазнетте осыған ұқсас оқиға болғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде Желіде каскадерлардың бірінің қайтыс болғаны көрінетін видео тараған болатын. Төрт жыл бұрын 3 қарашада Қасым Жұмағожин әріптестерімен бірге барлардың бірінде шоу-бағдарламаға қатысқан. Сценарий бойынша ол асылып тұрған мумияны сомдаған. Бұл туралы Nomad Stunts тобының коммуникациялар жөніндегі менеджері Евгения Ли айтқан еді. Алайда кейінірек марқұмның жары мәлімдеме жасап, халықты алыпқашпа әңгіме таратпауға шақырған еді.
"Біріншіден, видеоның сипаттамасында Қасымның қайтыс болғаны жазылған - бұл жалған, себебі ол өзін жайсыз сезініп, өнер көрсетіп болған соң қайтыс болды. Екіншіден, неше түрлі нұсқаларды жариялағандар (сақтандырудың жоқтығы, қылғындыру және өз-өзіне қол салу) моральдық залал келтіргені үшін, жалған сөйлеп жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Үшіншіден, адамның суретін оның рұқсатынсыз пайдаланғаны үшін (қаза болған жағдайда оның туысының рұқсатын алу) қылмыстық жазаға тартылады", - деген еді Альбина Жұмағожина.
Ашық дереккөз мәліметтерінде, Хэллоуинді тойлау кезінде өрт те шыққаны туралы деректер бар. 2011 жылы Швецияда Хэллоуин кезінде би кешінде өрт шығып, көп адам зардап шеккен.
Хэллоуин - әлем елдерінде кең тараған мерекелердің бірі. Әлемде болған түрлі оқиғалардан кез келген мерекеде, іс-шарада, әсіресе, көпшілік орында сақтанған артық етпейтінін көре аламыз.
@massaget.kz #хэллоуин#корея??#корея#halloween#давка#қазақстан#жаңалық#казахстан#рек#новости#news#kazakhstan#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Еске салайық, бұған дейін Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде 151 адам қайтыс болып, 82 адам жараланғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ, СІМ өкілі Сеулде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоғын мәлімдеген еді. Алайда кейінірек қаза болғандар арасында қазақстандық та бар екені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!