- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әлем бойынша ең...
"Әлем бойынша ең жоғары айлық төленеді" - Швейцарияда оқитын қазақстандық студент
Рамазан Қурбанбаев қонақүй ісі мамандығы бойынша Швейцария мемлекетіндегі Cesar Ritz Colleges университетінде білім алып жатыр. Биыл 4-курста оқитын ол аталған оқу орнында Президент боп сайланған. Әлемдегі өте қымбат елдердің қатарына енетін Швейцарияға оқу түсудің артықшылығы, өмір сүру салты туралы Massaget.kz тілшісі Рамазан Қурбанбаевпен сұхбаттасты.
"Ата-анам мені қолдады"
Рамазан - Жаңаөзен қаласының тумасы. Оқуға IELTS емтиханының нәтижесімен түскен.
"Жасым - 20-да. Білім-Инновация лицейінің түлегімін. Қазір Швейцария мемлекетіндегі әлемдегі алдыңғы қатардағы университеттердің бірінде "Туризм, қонақжайлылық және қонақүй істері" мамандығына оқып жатырмын. Университетке IELTS тапсыру арқылы және атестаттағы білім көрсеткіштерімен түстім. Неліктен Швейцарияны таңдадым? Себебі Швейцария туризм және қонақжайлылық бойынша үлгі тұтатындай елдердің бірі. Білсеңіздер, көптеген алғашқы әлемге танымал қонақүй іскерлері осы елден шыққан", - деді ол.
Оның айтуынша, елімізде туризм басты құндылыққа айналуы керек.
"Швейцарияға 2021 жылы жазда келдім. Негізгі мақсатым - қонақжайлылықтың қыр-сырын үйрену еді. Ата анам бұл шешіміммен толықтай келісіп, мені жан жақты қолдады. Жалпы туризм мамандығы мемлекеттің басты құндылығына айналуы керек. Сондықтан да шетелде осы мамандықты оқып, өзге мәдениеттерді үйреніп, өз еліме еңбегімді сіңіргім келеді", - деді Рамазан.
"Студенттерге жақсы жағдай жасалған"
Ол бұл елде оқудың артықшылықтарын атап өтті.
"Мұнда 3 жыл оқимыз. 6 ай сайын екі рет тәжірибеден өтуге жібереді. Әлемнің кез келген еліне жұмысқа, тәжірибеден өтуімізге көмектеседі. Сабақта соңғы сұранысқа ие трендтермен қоса, тарихи мәліметтерді үйренеміз. Студенттерге жақсы жағдай жасалған. Бізде 2 кампус екі түрлі қалада орналасқан. Бірінші кампус бастауыш деуге келеді. Онда таңғы, түскі және кешкі ас беріледі. Апта соңында түскі және кешкі ас беріледі. Ал екінші кампуста түскі және кешкі ас беріледі, ал апта соңында ас үйінде өзіміз тамақ жасап жейміз. Одан бөлек, әр түрлі спорттық және өнерлі клубтар, студенттік комитеттер бар", - деді Рамазан.
Оны университет басшылығы оқу орнының президенті етіп сайлаған.
"Өзім студенттік өмірде белсенділік көрсетіп жүрдім. Әр түрлі клубтарға қатыстым. Сондай-ақ, музыка, фото және үстел теннисі клубын аштым. Кейін 3 мәрте студенттік комитетте болып, әртүрлі позицияларда жұмыс жасадым. Яғни іс-шара ұйымдастырумен айналыстым. Содан соң мені президент етіп сайлады. Қазіргі таңда командамен іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз", - деді ол.
Рамазан француз тілін мектеп кезінен меңгерген.
"Бізге кампуста жатақханадан бөлме берілді. Бір бөлмеде бір адамнан орналастық. Бөлмеде барлық қажеттіліктер бар. Мұнда француз тілін білу міндетті. Өзім француз тілін қосымша мектеп кезінде оқып бастадым. Тіл білгенім, сабақта, практикада көп көмек берді", - деді ол.
"Президент жыл сайын ауысады"
Швейцариядағы жалақы әлемдегі ең жоғары айлық болып есептеледі.
"Расымен, Швейцария - өте қымбат ел. Бірақ студенттік жеңілдіктер көп. Халықтың жағдайы жоғары деп айта аламын. Мұнда төленетін жалақы әлемдегі ең жоғары айлық деп есептеледі", - деді ол.
Рамазан мұнда барлығы уақытылы, бәрі тәртіп бойынша жүретінін айтты.
"Түнгі өмірі өте тыныш, тіпті үлкен қалаларда адамдар жиі кездеспейді. Жексенбі күндері барлық орталықтар, дүкен және дәріханалар жабық болады. Халықтың көпшілігі кемінде 2 тілде сөйлейді. Жалпы Швейцарияда ресми 4 тіл бар: неміс, француз, итальиян және румын тілі. Мемлекеттің 60 пайызы таулы ортада орналасқан. Соған қарамастан инфраструтурасы алдыңғы қатарда. Сондай-ақ, ерекшелігі - ел президенті жыл сайын ауысып отырады", - деді ол.
"Отбасылық ережелері бар"
Швейцариялықтар қонаққа барса түнгі 12-ге дейін қайтып кетеді. Бұл - олардың айнымас отбасылық ережелерінің бірі.
"Мұндағы отбасылық дәстүрлерді онша біле бермеймін. Дегенмен мен білетін ережелердің бірі - қонаққа кешкі асқа келгенде түнгі 12 болмай қайту керек. Сондай-ақ, халқы балаларға кіші ересек адам ретінде қарым қатынас жасайды", - деді ол
Жұмысшыларға жақсы жағдай жасалып, жоғары жалақы төленеді.
"Осыған дейні әртүрлі жұмыс жасап көрдім. Даяшы, ресепшн және сатушы. Кейде тіл жағыннан қиындық болып тұрады. Әр жердің өзінің диалектімен сөйлегенде түсінбей қалатыным бар. Мұнда заң бойынша аптасына жұмыс сағаты 40-45-тен аспауы керек. Орташа сағатына - 23 франктан бастап төленеді. Негізі бұның барлығы жұмысшыға жақсы жағдай деп есептеледі", - деді ол.
"Қазақша асхана жоқ"
Ол қазақтар болып, бас қосатынын айтты.
"Бұл жақта әр елдің асханасын таңдап жейміз. Өзіміз оқу орнында да жақсы тамақтандырады. Әр апта әр түрлі елдің тамақтары дайындалады. Қазақша асхана жоқ. Сондықтан анда-санда қазақтар болып жиналып, ет асып, манты мен палауымызды дайындап, бас қосамыз", - деді ол.
Рамазанның айтуынша, мемлекеттің медицинасы жақсы дамыған.
"Швейцарияда медициналық сақтандыру маңызды және бұл мемлекеттен талап етіледі. Себебі сақтандыру көптеген дәрігерге кететін шығындарды жабады. Жалпы медицинасы, фармацевтикасы жақсы дамыған. Осы жақта көптеген дәрі шығарады", - деді ол.
"2 аптада төрт мемлекетке бардым"
Рамазан Швейцариядағы қазақтар қауымдастығы туралы да айтып берді.
"Мұнда негізі қазақтар бар. Мәселен, мен тұратын қалада бір қазақ отбасы бар. Олар сол фармацевтика саласында жұмыс жасайды. Одан бөлек Швейцарияда "Бірлік" атты қазақтар қауымдастығы бар. Осы қауымдастықпен қосылып, ұлттық мерекелер мен той-думандарды бірге тойлаймыз. Басқа ұлттардан араб, қытай және орыстар көп. Бірінші күннен бастап айналамдағылармен достасып, жақсы араласып кеттім",- деді ол.
Ол екі аптада 4 мемлекетті аралап, саяхаттаған.
"Саяхаттағанды жақсы көремін. Айналамызда өте әдемі, керемет елді мекендер орналасқан. Франция, Германия және Италия мемлекеттеріне барып тұрамыз. Бір жолы екі аптаға 4 түрлі елді аралауға бір өзім шығып кеткенмін. Сол сапар қатты ұнады. Әр түрлі адамдармен танысып, жақсы әсер алдым", - деді Рамазан.
"Жалақысы өмір сүру бағасына сай"
Рамазан шетелде алған білімімен ұштастырып, еліміздегі туризм бойынша дамытуы тиіс салаларды атап өтті.
"Біріншіден біздің елге инфраструктураны дамыту керек. Қаншама керемет елдімекендер бар, бірақ жету қиын. Екіншіден, бір туристік мекен мен екіншісінің аралары алыс орналасқан. Сондықтан туристтердің жан-жақты, жиі келуі үшін осылай әртүрлі транпорт түрлерін дамыту қажет. Үшіншіден, жергілікті халықты, әсіресе туристтік мекен-жайдың маңында тұратын халықтың турисстерге үйренісуі маңызды", - деді ол.
Сондай-ақ, бұл жаққа оқуға, ұзақ уақытқа тұруға келетіндер үшін ескеруге тиіс ережелерді айтты.
"Швейцарияда айлық жоғары болғанымен, өмір сүру бағасы да соған сай. Мұнда ұзақ уақытқа келетіндерге жергілікті тұрғынға арналған әр түрлі абонемент алуға кеңес берер едім. Ережелер қатаң сақталады. Көршілермен жақсы қарым-қатынаста болған жөн", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы