Әлем бақылаған рейс: АҚШ пен Қытай соғыс алдында тұр ма?

Әлем бақылаған рейс: АҚШ пен Қытай соғыс алдында тұр ма?
Фото: Reuters

Кеше түнде бүкіл дүниежүзі бір ұшақтың қайда және қашан қонатынын көз алмай бақылап отырды. Біз АҚШ Өкілдері палатасының спикері Нэнси Пелоси мінген ұшақ туралы айтып отырмыз. Рейсті бүкіл әлемнен 2,92 миллион адам бақылаған екен. Бұл рейс Қытай мен АҚШ арасындағы соғысқа себеп болуы мүмкін екенін кеше жазғанбыз. Massaget.kz тілшісі бұл рейс қонғаннан кейін Қытай мен АҚШ реакциясы қандай болғанын баяндайды. 

Пелоси мінген ұшақ Тайвань әуежайына қонды

CTI TV мәліметінше, Нэнси Пелоси Тайваньға келіп, Тайбэйдегі Суншань әуе базасының әуежайында ұшақ баспалдағымен түсті. 

Пелоси қызғылт костюм киген, оның бетінде медициналық қорғаныш маска бар. Оны жергілікті шенеуніктер қарсы алды.

Тайваньдық БАҚ хабарына қарағанда, Пелоси 3 тамызға дейін Тайбейде қалуы мүмкін. Оның делегациясы үшін бес жұлдызды Grand Hyatt қонақүйінің нөміріне тапсырыс берілген.

"Рейсті бүкіл әлемнен 2,92 миллион адам бақылаған"

Әуекемелерінің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін Flightradar24 сервисінің мәліметінше, Куала-Лумпурдан Тайбэйге дейінгі жеті сағат ішінде рейсті 2,92 миллион адам бақылаған. 


Фото: twitter/Flightradar24

SPAR19 рейсі Куала-Лумпурдан ұшып шыққаннан бастап Flightradar24-те белсенді рейстер ішінде ең көп қадағаланған рейс болды.

Тайбэйге қонған кезде SPAR19-ды бүкіл әлем бойынша 708 000-нан аса адам бақылап отырған, бұл Flightradar24 тарихындағы ең көп бақыланған тікелей рейс болды. 

Бұл сапарға Қытайдың реакциясы қандай болды?

RT мәліметіне қарағанда, Қытай Нэнси Пелосидің Тайваньға сапарына қатаң наразылық білдірді. Бейжің Вашингтонның шешімін айыптаған. 

"Әлемде бір ғана Қытай бар, Тайвань - Қытай аумағының ажырамас бөлігі, ал Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет саналады", - деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілдері.

Бейжің Пелосидің Тайбэйге сапары "бір тұтас Қытай" қағидасы мен Қытай-АҚШ бірлескен үш коммюникесінің ережелерін өрескел бұзу екенін атап өтті.

"Бұл Қытай-АҚШ қарым-қатынасының саяси негізіне елеулі әсер етеді және Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғу болып саналады", - деді Қытайлық СІМ өкілдері.


©REUTERS

Сондай-ақ, Қытайдың АҚШ-тағы елшісі Цин Ган CNN арнасында Нэнси Пелосидің Тайваньға сапарына Қытайдың жауабы күшті болатынын айтты.

"Біз егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға жауап беру және қорғау үшін барлық мүмкін шараны қолданамыз, біздің жауабымыз өте берік, күшті және қуатты болады", - деді ол.

Ган АҚШ-тың жоғары эшелонының Тайваньға сапары аймақтағы шиеленісті күшейтетінін атап өтті.

Қытай Тайваньнің алты ауданына әскер жинады

Global Times мәліметінше, Қытайдың Халық-азаттық армиясы 4-7 тамыз аралығында Тайваньдағы алты ауданда әскери жаттығулар өткізеді. 

"Қытай Халық-азаттық армиясы Тайваньдағы алты ауданда бейсенбіден жексенбіге дейін маңызды әскери жаттығулар мен оқу іс-шараларын, соның ішінде атыс жаттығуларын өткізеді", - делінген хабарламада.


Фото: Wikimedia Commons / Ministry of National Defense (Republic of China)

RT ақпаратына сүйенсек, кеше Тайвань әуе қорғанысының аймағына Қытай армиясының 21 ұшағы кірген. Одан бөлек, Қытай сауда министрлігінің хабарына қарағанда, Қытай 3 тамыздан бастап Тайваньға құм экспортын тоқтатты. Бұл шара "қолданыстағы заңдар мен ережелерге сәйкес енгізілген".  

Пелосидің өз не деді?

RT арнасының мәліметінше, Нэнси Пелоси Тайваньға келгеннен кейін жазбаша мәлімдеме жасады. Онда аралға сапары "Тайвань демократиясын" қолдаудағы "Американың адалдығы" екенін айтты.

Пелосидің баспасөз қызметі өкілі сапар оның Тайваньға 25 жылдағы алғашқы ресми сапары екенін айтты.

"Конгресс делегациясының Тайваньға сапары қарқынды дамып келе жатқан Тайвань демократиясын қолдаудағы Американың ұмтылысын көрсетеді", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, мәлімдемеде бұл сапар "АҚШ-тың ұзақ жыл бойы жүргізген саясатына қайшы келмейтіні" және "АҚШ-Қытай коммюникесіне" сәйкес келетіні айтылған.

Пелоси Тайваньға неге барды?

Deutsche Welle мәліметінше, АҚШ Өкілдер палатасының спикері Тайбэйде шенеуніктермен келіссөз жүргізіп жатыр. 

Пелоси жоғары лауазымды заң шығарушылармен кездесуден кейін Тайбэйдегі Цай Инвэнь аралының әкімшілік басшысымен кездесті.


©REUTERS

Reuters мәліметінше, Пелоси Тайвань парламентінде сөйлеген сөзінде АҚШ-тың чип туралы заң жобасы чип өнеркәсібіндегі АҚШ-Тайвань ынтымақтастығына жақсы мүмкіндік болатынын айтты. Сонымен қатар, Пелоси Тайваньмен парламенттік алмасуды кеңейткісі келетінін айтты.

"Тайвань тарихы - бостандықты сүйетін барлық адам үшін шабыт. Қазір Американың Тайваньмен ынтымақтастығы бұрынғыдан да маңызды және бүгінгі үндеуіміз сол", - деді Пелоси Тайвань парламентіне.


©REUTERS

Сонымен қатар, Пелоси Гонконг пен Тайваньның демократияны қолдайтын белсенділерімен кездесуді жоспарлап отыр. Келіссөздер ортақ мүдделерді және еркін және ашық Үнді-Тынық мұхиты аймағын ілгерілетуге арналады, делінген хабарламада.

БҰҰ пікірі қандай?

БҰҰ бас хатшысы Стефан Дюжаррик БҰҰ "біртұтас Қытай" саясатын қолдайтынын айтты.

"Мен бұл мәселе бойынша БҰҰ саясаты БҰҰ Бас Ассамблеясының "біртұтас Қытай" туралы 1971 жылғы 2758 қарарын басшылыққа алатынын ғана айта аламын", - деді Дюжаррик.

Ал 2758 қарарында Бейжіңді Қытайдың БҰҰ-дағы жалғыз заңды өкілі екені жазылған.

Е. Төлеш