«Әлем аруы-2015» байқауына Қазақстан атынан Регина Вандышева қатысады

Биыл 65-рет өткізгелі жатқан «Әлем аруы-2015″ сұлулық байқауына Қазақстан атынан 22 жастағы  Регина Вандышева барады. Ол әлем арулары жиналып жатқан Қытайдың Санья қаласына жетіп үлгерді. Регина әлемдік деңгейдегі байқауға дайындығын 2014 жылы «Қазақстан аруы» атағынан кейін-ақ бастап кеткен. Ол ағылшын және қазақ тілдерін жетілдірді, боянудың түрлерін үйренді, спортпен шұғылдануды үзбеді. Сонымен қатар Регина жеңіл атлеткадан спорт шебері.

«Байқауға уақыт аз қалған сайын, толқып жүрмін. Әлемнің әр елінен 100-ге тарта қатысушы қыздар келеді. Бастысы елімізді жақсы таныстырып, өзімді 100 пайызға көрсете алу. Бәрі өз қолымызда. Мен өте позитивті адаммын. Мүмкін емес нәрсе болмайды. Өзіме сенемін» – деді Регина Вандешева.

«Әлем аруы-2015″ байқауы бұл жылы Қытайда өтеді. Әлемнің әр түкпірінен келген арулар бір ай бойы финалға дайындалады. Ол уақыт аралығында финалдық шоуға дайындық жүргізеді.

«Мисс Қазақстан» байқауының ресми стилисі Ирина Ашербекова Регинаның әлемдік байқауда киіп шығатын киім үлгілерін дайындап қойды. Ал ұлттық киімді танымал дизайнер Аида Кауменова өз мойнына алды.

 

Регина сахналық және кешкі киім үлгілерін көрсету кезінде голливудтық бренд SHERRI HILL-дің киімдерінде шығады.

«Әлем аруы-2015″ байқауы 19 желтоқсан күні Санья қаласында өтеді. 2014 жылы әлемнің ең сұлу аруы атанған Оңтүстік Африка Республикасынан келген Ролен Штраус тәжді жеңген аруға табыс етеді. Ал біз Регинаға тек жеңіспен оралуын тілейміз.

Дереккөз: baistars.kz