Алдын ала төлемді қандай жағдайда қайтарып алуға құқылымыз?

Заңгер тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес қызмет немесе тауар үшін алдын ала төлемді қайтарып алуға болатын жағдайларды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң ғылымдарының кандидаты Сәуле Ермұхаметова алдын ала төлемді оқыс оқиғаларға байланысты, оның өзінде арнайы шарттарды орындаған жағдайда ғана қайтарып алуға болатынын айтты.

"Алдын ала төлемді форс-мажорға, яғни күтпеген жағдайларға байланысты қайтарып алуға болады. Бірақ бұл жағдай азаматтық кодекспен (АК) реттеледі. Бірақ нақты азаматтық кодексте жер сілкінісі, мемлекеттік төтенше жағдайлар жариялануы керек. Мәселен, өрт болған жағдайды да қосуымызға болады. Ал қалған жағдайларда, мысалы, ауырып қалды, тағы бір нәрселер болып қалды, ауылға кетіп қалды, кешігіп қалды деген сияқты өз тарапынан аталған жайттарда алдын ала төлем қайтарылмайды. Шарт бойынша орындалуы керек", - деді заңгер.

Сондай-ақ маман қызметті немесе тауарды ұсынушы кейде алдын ала төлемнің 30%-ын ұстап қалатынын қоса кетті. 

"Егер бір қызметке ақшасын төлеп, бірақ ол қызмет жүзеге асырылмаса, тіпті қызмет көрсетілуі басталмаған болса, шығынның 70 пайызын қайтаруға міндетті. Мәселен, сіз бір тігінханаға көйлек тіктіруге тапсырыс бересіз. Бірақ олар шартқа сәйкес қызметті бастамаған болса, сіз алдын ала төлемнің 70 пайызын ғана қайтара аласыз. Қалған 30%-ын олар ұстап қалады. Ал егер тігіп бастаса, онда келтірілген шығын қайтарылмайды. Алайда бұл ереже ұшақ билеттеріне қатысты жүрмейді", - деп қосты маман.

Еске сала кетейік, бұған дейін қандай заттарды сатып алған соң қайтаруға болмайтыны жайлы жазған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!