Танымал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы Бердібек Сапарбаевтың отбасына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
"Өткенде бір республикалық маңызды жиынға арнайы шақырған соң баруға тура келді. Қайғылы жағдайда жүрген соң көптің көзіне түсе бермейін деп шеттеу орында отырғанмын. Маңайымдағы адамдардың кейбірі танып көңіл айтып жатты. Алдыңғы қатарға келіп отыратын ақсақалдардың арасында Бердібек аға да бар екен. Анадайдан мені көзі шалып қалса керек, жаныма жедел басып келіп қолымды алып, жағдайымды сұрап, арқамнан қақты. Кішіпейілдік деген осындай болса керек
қаңтарда Әлиханымнан көз жазып есеңгіреп жүрген кезімде Қызылордадан Мұхтар Нияз інім хабарласты. Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы бастаған зиялы қауым маған келіп көңіл шәй бермек екен. Кейінгі уақытта жібі үзіліп қалса да бабаларымыз салған ұлы дәстүр еді ғой. Әрине, шақырған күні айтылған жерге бардым. Алдымнан құшағын айқара ашып Бердібек ағам шықты. Қасында Алмас Алматов, Серік Ыдырысов, Лена Әбдіхалықова, Мамыр Байдәулетов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Мейірбек Сұлтанхан, т.б. Сыр елінің игі-жақсылары бар екен. Жақында арқасүйер азаматын жоғалтқан Ләйлә Сұлтанқызы екеумізге ата дәстүрімен басу айтпаққа жиналыпты", - деді ол.
Ол Бердібек Сапарбаевтың билікте жүргендердің арасында дәстүр мен салтты берік сақтай білген қазақы азаматтың бірі болғанын айтты.
"Дастарханға менің Астанадағы жақын достарым Аманжол Әлтай, Қанат Айтбаев, Құрмаш Махан, Тәубажан Айтілеуов, Досымжан Таңатаров, Қуандық Қыстықбай, Нартай Сауданбекұлы, Нұркен Өтеуіл, Сайлау Қамиев, Жәнібек Мұсаев, Ұларбек Нұрғалым, Ержан Байтілес, Мақпал Мыса шақырылыпты. Бердібек аға сөз бастап, өзінің де бір кезде басынан өткізген ауыр жағдайдан қалай шыққанын айтып ақыл-кеңесін берді. Ағалардың ақжарма тілектерінің арасында Мейірбек Сұлтанхан көңілқос толғауын төгілтіп еді. Сай-сүйегіміз сырқырап егіліп отырсақ та Сыр елінің ата дәстүрге беріктігіне іштей риза болып қайтып едік. Мәшбек атаның ұрпақтарының жөн-жосықты терең білетіндігіне талай адам тәнті болып еді.
Бұл Бердібек Мәшбекұлының азаматтығының тамшыдай көрінісі ғана. Билікте жүргендердің арасында дәстүр мен салтты берік сақтай білген қазақы азаматтың бірі еді. Жақсы ағаның жаны жәннатта болсын! Отбасына, інісі Нұрлыбек Мәшбекұлына қайғырып көңіл айтамын!" - деп жазған ол.
Еске салайық, бүгін мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасына қараған шағында қайтыс болғаны белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Нұрсұлтан Назарбаев Бердібек Сапарбаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Бердібек Сапарбаев - Қазақстандағы бес өңірдің (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының) бұрынғы әкімі, премьер-министрдің орынбасары, еңбек министрі, экономика ғылымдарының докторы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!