Алдағы үш күнде Алматы облысындағы тауларда сел жүру қаупі бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" кәсіпорнына сілтеме жасап.
Синоптиктер ауа температурасының көтерілуіне және жауын-шашынның күтілуіне байланысты 4-7 тамыз аралығында Алматы облысындағы тауларда сел жүру қаупінің сақталатынын ескертті. Дегенмен, таяу күндерге арналған ауа райы болжамына сәйкес, Алматы облысынан өзге аймақтардың басым бөлігінде ыстықтың беті қайтады.
"4-6 тамыз аралығында республикамыздың батысы мен солтүстігінде ауа температурасы төмендейді. 6 тамызда суық атмосфералық фронттың өтуіне байланысты кейбір жерлерде жаңбыр жауады және Қазақстанның батысында, солтүстігінде және орталығында температура одан әрі төмендей береді. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста ыстық әлі болады, күндіз ауа температурасы кейбір жерлерде 40-43 градусқа жетеді", - дейді синоптиктер.
Дегенмен, бұл өңірлерде 5-6 тамызда оңтүстік-батыс ағындарының солтүстік-батыс ағындарына ауысуы басталады және ақырындап ыстықтың беті қайтады деген болжам бар.