Алдағы үш жылда Ұлттық қордан 6 трлн теңге алу көзделген

Бүгін Мәжілісте "ҚР Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасы қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, заң жобасында мұнай бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллар, 2026-2027 жылдары барреліне 41 - 39,4 АҚШ доллар шамасында болады. 

"Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9 - 78,7 млрд АҚШ долларын құрайды", - дейді Ұлттық экономика министрі.

Белгілі болғандай, алдағы 4 жылда импорт көлемі 61,3 миллиард АҚШ доллардан 67,5 миллиард АҚШ долларға дейін өседі деген болжам айтылды.

Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз аралығында сақталса, 2026 жылы 5-6 пайыз межесінде болады. Ал 2027-2029 жылдары инфляция мөлшерін 5 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз