- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алдағы реформалар 90-жылдардың...
Алдағы реформалар 90-жылдардың басында жүргізілген реформалардан кем түспейді – Назарбаев
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовті қабылдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мырзахметов Елбасыға Саяси кеңестің соңғы Бюро отырысында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы, сонымен қатар партияның негізгі бағдарламалары туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі мәселелердің көптігіне байланысты келесі жылы "Нұр Отан" партиясының алдында ауқымды жұмыстар тұрғанын атап өтті.
"Мен бастамашылық еткен бес институционалдық реформаны жүзеге асыру аясында сексенге жуық заң қабылданады. Келесі жылдың басынан "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын жүзеге асыруға кірісеміз. Осыған байланысты партияның алдында өте үлкен жұмыстар тұр", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайды ескере отырып, алдағы реформалардың маңыздылығын айтты.
"Әлемдегі ахуал қазір күрделі, біздің өңірде де тыныш емес. Осының бәрі бізге ықпал етпей қоймайды. Болып жатқан оқиғаларды назарға ала отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Осындай қиын кезеңде бізге күрделі реформаларды жүзеге асыруға тура келеді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Қазіргі жағдайдың қиын екеніне қарамастан, реформаларды жүзеге асыру болашақтағы игіліктің негізін қалау үшін қажет. Алдағы реформалар күрделілігі жағынан біздің 90-жылдардың басында жүргізген реформаларымыздан кем түспейді. Осыған байланысты "Нұр Отан" партиясына барша түсіндіру жұмыстарын өз мойнына алуды тапсырамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырмалар берді.