Қазгидромет 4, 5, 6 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Циклон Қазақстан аумағының басым бөлігіне әсер етеді. Сондықтан ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. Сондай-ақ, бұршақ жауып, дауыл соғуы мүмкін.
4 маусымда еліміздің батыс өңірлерінде, 4-5 маусымда солтүстік-батыс пен солтүстікте, 6 маусымда оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Тек Қазақстанның шығысы мен оңтүстігінде жауын-шашын жаумайды.
Күндіз батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте ауа температурасы +22...+30 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік-шығыс пен шығыста ауа температурасы +30...+37 градусқа дейін жоғарылайды. Оңтүстік-шығыста ауа температурасы +25...+33 градус шамасында болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова