Қазақстанда алдағы демалыс күндері ауа температурасы 45 градусқа дейін көтеріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі kaz.tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап. Синоптиктер 1-3 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, демалыс күндері тропосферада орналасқан ауа массаларының батыстан шығысқа қарай тасымалдануы сақталады. Соның әсерінен республикамыздың оңтүстік бөлігінде жауын-шашынсыз, ыстық күндер күтіліп отыр, тек Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жаууы мүмкін.
"Кейбір жерде күндізгі температура климаттық нормадан 2-5 градусқа жоғары болып, ауа температурасы 38-45 градусқа дейін көтеріледі. Алдағы үш тәулікте Қазақстанның солтүстік бөлігінің кей жерінде өткінші жаңбыр жаууы мүмкін. Жауын-шашын Батыс Сібір және Еуропалық Ресейдің солтүстік аудандары арқылы жылжитын циклондарға байланысты атмосфералық фронттарды шақырады және ауа температурасы орташа көпжылдық нормаға сай болады немесе 1-3 градусқа жоғарылайды", - делінген "Қазгидромет" таратқан хабарламада.
Айта кетсек, синоптиктер ауа температурасының жоғарылауына байланысты ескерту жариялап отыр. Олар төмендегідей:
Атырау облысының басым бөлігінде 1-2 тамызда 40-42 градус ыстық болады;
1 тамызда Батыс Қазақстан облысының кей жерінде ауа температурасы 42 градусқа дейін көтеріледі;
1-2 тамызда Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының кей жерінде ауа температурасы 41-45 градус болады деген болжам бар;
2 тамызда Қарағанды облысының кей жерінде 41 градус ыстық болады.
Сонымен қатар, ауа температурасының көтерілуіне және жауын-шашынға байланысты 3 тамызға дейін Алматы облысының жекеленген тау өзендерінде судың мөлшері көбейіп, тауларда сел жүру қаупі бар.