Алдағы 10 жылда тұрғындар кеңсе кезіп, сабылып жұмысқа асығып жүрмейді. Қызметкерлердің 70 пайызға жуығы қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуы мүмкін. Мұндай болжамдарды Еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша, алдағы 8 жылда қызметкерлердің 70 пайызы онлайн форматпен жұмыс істеуге көшпек.
"Жалпы, бүгінде Қазақстан бойынша ең жоғары сұранысқа ие - ІТ мамандығы. Бұл - жалпы ғаламдық тренд. Онымен қоса, техникалық мамандықтар. Әсіресе, жоғары білігі бар инженерлер өте көп сұранысқа ие болып жатыр. Олардың жалақысы да жоғары бағаланады", – деді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ Стратегия департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенова.
Маман болжамы бойынша, қазіргілердің сандық сауаттылығы жоғары. Бұл өз кезегінде қай сала болмасын істі дөңгелетіп әкетуге септігін тигізеді. Сондықтан алдағы 5-10 жылда халық икемді жұмыс графигіне бой үйретпек. Бұл пікірді сарапшы Жәнібек Айғазин де қолдап отыр. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай жалдамалы жұмыскер саны еселеп қысқарады.
"Әлемдік тренд. Бұл ретте фрилансерлердің үлесі артады. Адам жарты күн бойы келісімшарт бойынша жұмыс істей алады, әрине, ол жалдамалы жұмысшы ретінде. Кейін өзінің сүйікті ісіне, қалаған шаруасына уақыт табады. Біз бұл үрдіске ақырын-ақырын келе жатырмыз. Пандемия кезінде онлайн жұмыс істеп, қолайлы тұсын көріп қалдық", - деді экономист Жәнібек Айғазин.
Электрон еңбек брижасындағы ресми статистикаға сүйенсек, жұмыс берушілер көп қажет ететін мамандар риэлтор, бас құрылысшы мен инженер екен. Үйден шықпай-ақ табатын бұлардың айлық ақысы - 1 миллион теңге.