Танымал әнші Қайрат Нұртастың анасы және белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова алаяқтықтың жаңа әдісі туралы айтып, халықты сақ болуға шақырды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желідегі парақшасында Айдарбекова алаяқтар өзіне бірнеше мәрте қоңырау шалғанын және олардың қулықтарына алданып қала жаздағанын жеткізді. Оның айтуынша, алаяқтар қоңырау арқылы адамның жеке мәліметтерін алып, несие рәсімдеуге тырысады.
"Бүгін маған белгісіз нөмірден қоңырау келді. Біреу тапсырыс берген затыңыз келді деп, мекенжайымды айтып, алып кетуімді сұрады. Алдымен мән бермедім, бірақ код жіберген кезде алаяқ екенін түсіндім. Қазір алаяқтар адамдардың бейнесін түсіріп, даусын жазып алып, оны пайдаланып, несие рәсімдей алады," – деді Гүлзира.
Ол мұндай қоңыраулардың ерекше белгісін де айтып өтті. Экранда камераның белгісі пайда болады екен. Бұл алаяқтардың сіздің бейнеңізді жазып алып, оны алдау мақсатында қолданатын айласы болуы мүмкін.
Қауіпсіздік шаралары
Гүлзира Айдарбекова халықты мұндай күдікті қоңырауларға жауап бермеуге, жеке мәліметтерді бөліспеуге шақырды.
"Телефонға түскен әрбір қоңырауға күмәнмен қарап, қауіпсіздік шараларын күшейткен абзал," – деп ескертті продюсер.
Айта кетейік, жақында Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова да алаяқтық құрбаны болғанын және сотқа жүгінетінін мәлімдеген болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз