"Түркістан облысы, Сайрам ауданында әкімдік халықтан 400-ден аса жерді алып қойды". Осылай деген бір топ азамат сатып алған жерден айрылдық деп жанайқайын жеткізді. Сот шешімі бойынша жер телімдері мемлекетке қайтарылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сайрамдық Манзура Өзбекова 7 жыл бұрын Қарасу елдімекенінен 1 миллион теңгеге жер телімін сатып алған. Кейін 10 миллион теңгеге үй тұрғызып болдым дегенше сот шешімімен жер мемлекет меншігіне өтіп кетіпті. Осыны естігелі ес жия алмай жүрген үш баланың анасы "енді қайда барамын" дейді жыларман болып.
"Бұл үйді салу үшін несие де алдық, астымыздағы көлікті де саттық. Енді келіп "бұл жер сендердікі емес. Өлсем өлігім шықсын. Бірақ, бұл жерде ешкімге бермеймін" - дейді Түркістан облысының тұрғыны Манзура Өзбекова.
Даулы жерден мүлікті болғандар қатары жүзден асады. "4-5 жыл бұрын 500 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін 450 учаске сатылған" - дейді жиналған бұқара. Бұған дейін аудандық сот шешімді тұрғындар пайдасына шешсе, кейін облыстық сот үкімді өзгерткен.
"Негізі жеріміз заңды еді. Салық барлығын төлеген едік. Он шақты үй бар, 20-дан аса дәу үйге бетон құйып қойған. Енді-енді тұрғындар қоныс аударып жатқанда, мемлекеттік органдар бізді аяғымыздан шалып отыр ғой" - дейді Түркістан облысының тұрғыны Ержан Темір.
Сатып алған жерімізден айырылып қаламыз деп бойларын үрей билегендер әу баста жерді алған кезде сол кездегі ауыл әкімі болған адамның қолы қойылып, мөрі басылған дейді. Сондықтан иланып алдық деп отыр. Бірақ, жиналғандармен кездесуге келген аудан әкімінің орынбасары бұл жер алаяқтық жолмен сатылған деп отыр. Яғни, әкімдікке ешқандай қатысы жоқ қос азамат құжаттарға жалған қол мен мөрді басып халықты алдап соққан деп ақталды.
"Қазіргі күнге бұлар сотқа арызданып, сотпен мынау жерлерді заңдастырып алу керек. Бағанағы қаулыларды қайтадан қалпына келтіру керек. Бұның басқа ешқандай жолы жоқ заңдастырудың", - дейді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев.
Сондай-ақ, бұл елдімекен сыртындағы егістік мақсаттағы жер. Яғни, бағытын өзгерткен күннің өзінде жиналғандарға жер телімі тимейді. Себебі, өзге кезекте тұрғандарға беріледі екен. Ал, тұрғындар өз кезегінде "Жоғарғы сотқа арызданып, қолдарындағы құжатқа қол қойғандардың барлығын тауып, жауапқа тарту бойынша арызданамыз" - дейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!