Алаяқтық бойынша күдікті Грекиядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грекиядағы елшілігінің көмегімен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Ол 2021 жылы Алматы қаласындағы тасымалдау компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеп жүрген кезінде басшысынан 230 000 АҚШ долларын банктегі сейф ұяшығында сақтаймын деген сылтаумен алып, осы қаражатты иемденді деген күдікке ілініп отыр.
"Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланған. 2024 жылы маусымда ол Грекия аумағында ұсталып, Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!