Қазнетте алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендердің барлығына ақшаны қайтарып беретіні айтылатын қор жарнамасы тағы да тарады. Жарнамада бағдарламаны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іске қосқаны айтылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Сонымен қатар, желіде тараған жалған ақпаратта "мамандар 72 сағат ішінде алдын ала төлемсіз 500 мың теңгеден қайтаруға дайын екені" жазылған.
"Бұл хабарламаға сенбеген жөн, оны қылмыскерлер жасаған", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Жарнамада "Қазақстан халқына" қоры аталған. Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылғы қаңтарда құрылған қор. Алайда қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы проблемаларды шешумен айналысады. Ол алаяқтардан зардап шеккендерге көмектеспейді, оның алдына мұндай міндет қойылмаған.
Алаяқтар қордың логотипі мен құрылымын қолдана отырып, ұқсас сайт жасаған. Бірақ мұқият қарасақ, порталдың жалған екені байқалады. Мұны домендік атауынан, мәтіндегі қателерден түсінуге болады. Сонымен қатар, портал тегін Tilda сайт құрастырушысының көмегімен әзірленген. Мемлекеттік органдардың интерне ресурстарын жоғары білікті мамандар дайындайды. Олар бұл үшін тегін бағдарламаларды пайдаланбайды. Ресми парақшаларды жасағанда ең алдымен қауіпсіздікке баса назар аударылады, қарапайым сайт құрастырушысы мұны қамтамасыз ете алмайды.
"Алаяқтардан зардап шеккен қазақстандықтарға ақшаны қайтаратын жаңа бағдарлама туралы ақпарат ҚР Президентінің ресми порталында жоқ. Жеке деректеріңізді қалдырмас бұрын барлық ақпаратты мұқият оқып шығыңыз және талдаңыз. Жалған сайттар алдап, ақшаңызды иемдену мақсатында жасалады", - деп жазылған мәліметте.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!